Электр самокат туралы заң күшіне енді

rusnord.ru
rusnord.ru
Алматы қаласында орта есеппен самокатты 130 мың адам қолданады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде электросамокаттарға қатысты жаңа ереже мен толықтыруылар заңды түрде күшіне енді. Алматыда полицейлер жол бойында тәртіп бұзғандарды ұстап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа ережеге сәйкес, қаланың әр жерінен табуға болатын мұндай электр самокаттарды кез келген адам пайдалана алмайды. Жол бойына және автобус жолағына самокатпен шығатын адамның жасы 18-ге толған және арнайы жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Сондай-ақ басына шлем, ал түнде жарық шағылыстыратын киім киюге тиіс. Ал жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспау керек.

– Заң бойынша электр самокат жүргізушілері веложолақпен және тротуарлармен жүре алады. Одан бөлек, автокөлікке арналған жүріс бөлігімен де қозғала алады. Бірақ оң жақ шетімен немесе автобустарға арналған жолақпен жүруі тиіс. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау құқықбұзушылық жасаған болса, ҚР ӘҚБтК 593-бабымен жауапкершілікке тартылады, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Бүгін тәртіп сақшылары жол бойында ереже бұзғандарды анықтап, қала аумағында рейд жүргізді. Оларға айыппұл салмай, алдымен жаңа ереженің тәртібін түсіндірді. Ал еріктілер болса, акция ұйымдастырып, жолаушыларға басқа тағатын шлем мен үстіне киетін ленталарды тегін таратты.  

– Самокатты пайдаланып жүргеніме 3 жылдай болды. Жұмысқа таксиге кеткен шығынмен салыстырсақ, самокат 3-4 есе тиімді, – деді қала тұрғыны Диас Салықов.

– Жарты жылдай болды қолданып жүрмін. Бұған дейін шлемсіз жүргенмін. Енді ержелерді біліп жүретін болдым. Бір жерге барғанға ыңғайлы, такси күтпей, көшеден самокат алып кете бересің, – деді қала тұрғыны Арсен Жеңіс.

Құзырлы орган өкілдері самокаттың кесірінен оқыс оқиға жиелеп кеткенін айтады. Сондықтан олардың бейберекет қозғалысын енді заңмен реттеуге көшкен. Мәселен жыл басынан бері елімізде қос дөңгелекті көлік құралының қатысуымен 11 оқыс жағдай тіркелген. Салдарынан бір адам қатты соққы алып, көз жұмған. Ал 14 адам түрлі дене жарақатын алған. Адам өлімімен аяқталған қайғылы оқиға дәл осы Алматыда болған.  

– Бүгінгі іс-шарамыз электр самокат басқарушылардың қауіпсіздігіне бағытталған. Баршамызға белгілі 30 тамыздан бастап осы көлік құралын пайдаланатындарға қатысты заң күшіне енді. Енді тәртіп сақшылары самокатты талапқа сай қолданбаса, айыппұл салуға толық құқылы. Ол 3 айлық есептік көрсеткіштен басталады, – деді  ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.

Алматы қаласында орта есеппен самокатты 130 мың адам қолданады. Бұл көрсеткіш метроға мінетіндерден 2 есе көп. Мегаполисте қос дөңгелекті көлік құралын пайдаланатындардың басым бөлігі жалға алады. Мұндай қызметті ұсынатын қалада 4 жекеменшік компания бар.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда жол апаты азаймай тұр

Новости партнеров