Алматылықтар ең үлгілі автобус жүргізушісін анықтай алмақ

Алматылықтар ең үлгілі автобус жүргізушісін анықтай алмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ең үлгілі жүргізуші анықталады. Ол жаз мезгілінде таңдалмақ. Қазір қаладағы автобус тізгіншілері арнайы біліктілік орталығында оқытылып жатыр. Ал жуырда алматылық қоғамдық көлік жүргізушісінің әрекеті көпшіліктің жүрегін елжіретіп, тізгіншілер туралы пікірін өзгертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық тұрғын әлеуметтік желідегі парақшасында өз әрекетімен тәнті еткен автобус жүргізушісіне арнап жазба жариялады. Автор онда сын айтпаған, керісінше, ризашылық білдірген. 1 ақпан күні жеңілдік картасын алып үлгермеген оқушы жолақысын төлеуге қаражаты жоқ екенін алға тартып, жүргізушіге жағдайды түсіндірген. Ал оған түсіністікпен қараған автобус тізгіндеуші 150 теңгені өз қалтасынан төлеп, жеткіншекке билет алып беріпті.  

Бүгінде желідегі бұл жазба кең талқыға түскен. Оның астына 300-ден астам азамат пікір білдіріп, 1 мыңнан астамы оны өз парақшасында бөліскен. Көпшіліктің жүрегін елжіреткен автобус тізгіншісі – Игорь Даник. 20 жылдан аса тәжірибесі бар жүргізушінің сөзінше, жолақыны төлеуге қаржысы жетпей қалатын азаматтар жиі кездеседі.

«Мен ең біріншіден баланың қауіпсіздігін ойладым. Себебі, қаржысы жоқ деп оны түсіріп кетсек не болады? Жеткіншекті үйіне, ата-анасына жеткізуім керек. Менің де балаларым бар. Жолақысын төлей алмаған жолаушылардың оған түрлі себебі болуы мүмкін. Біреуінің әмиянын ұрлап кетіп, ал басқасының жалақысын кешіктіріп, қаржысы болмай қалып жатады», – деді Игорь ДАНИК.

Игорьдің әріптестері де бұл жағдайды естіп, оған деген сый-құрметі еселенген. Таң алакеуімде жұмысын бастап, түнге дейін жолаушыларды діттеген жеріне жеткізетін қоғамдық көлік жүргізушілері қазір біліктілігін арттырып жүр. Оларға қарапайым этика нормалары мен мәдениет курстары оқытылып жатыр.

«Автобус жүргізушілеріне қойылатын талап көп. Қатаң іріктеу жүреді. Алдымен олармен сұхбаттасу жүргізіледі. Автобус паркінің мамандары жол қауіпсіздігіне байланысты тест өткізеді. Нәтижесінде, біз ең мықты деген жүргізушілерді қабылдаймыз», – деді «City Bus» автобус паркі директорының орынбасары Айгүл КЕНЕТАЙ.

Біліктілік орталығы өз жұмысын 2016 жылы бастаған. Оның ашылуына қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмайтын жолаушылардың арыз-шағымы түрткі болыпты. Қала тұрғындары автобус тізгіншілерінің жол ережесін жиі бұзатындарына және мәдениетсіздігіне жиі наразылық білдіреді. Бүгінде орталықтағы оқушылар саны 1 мыңға жетіпті.

«Бізде бірнеше бағдарламалар бар. Мысалы жол жүру ережесі. Ең маңызды болады. Өйткені жүргізуші көбінесе жолда болады ғой. Заңды білуі керек. Егер жолда жолаушыға бір нәрсе болып қалса, жол апатына ұшырай қалса, жүргізуші оған алғашқы көмек көрсетуі керек. Дәрігерге дейінгі көмек деген бар. Жарақатты қалай таңу керек, қалай ем көрсету керек деген қарапайым ережелерді біуі тиіс. Жолаушыларды тек тасып қана қоймай, оларға көмек көрсетуді де меңгергені жөн, керек десеңіз, қазір неше түрлі курстар бар, соларды оқи алады», – деді Көлік мамандары біліктілік орталығының менеджері Раушан СЕРІКЖАН.

Біліктілік орталығы түлектерінің саны мыңға жеткен. Алдағы уақытта автобус тізгіндеушеліріне ағылшын тілі де үйретілмек. Сонымен қатар, компьютерлік сауаттылық пен кәсіпкерлік негіздерін де оқыту жоспарланып отыр.


Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Қанат Кигізбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров