«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы облысы бойынша стандартқа сай емес 273 жол-құрылыс материалын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орталықтың зертханасына республикалық маңызды жолдардан 365, ал облыстық, аудандық және ауылдық жолдан 340 сынама алынған. Мамандардың айтуынша, бұл – соңғы жарты жылдың нәтижесі.
– Диагностиканың негізгі міндеті – жол құрылысын тексеру, бағалау. 2022 жылы, яғни былтыр 1619 км жол, биыл 699 км жол тексерілді. Жылдың аяғына дейін былтырғы көрсеткіштен асып кетеді, –деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы облысы бойынша филиалының зертхана меңгерушісі Айдын Әшірбеков.
Ал Алматы қаласындағы филиал мамандары асфальт-бетон төсеу технологиясынан 46 ақау анықтаған. Жабынның қалыңдығы, яки жұқа болуы және жолдың төменгі қабатының дайындалмағаны сынды норма сақталмаған. Сондай-ақ құрылыс нысандарында да стандарттан ауытқу анықталған.
– Құрылыс нысандарынан 19 бұзушылық таптық. Оның 16 қайта жасалып, бәрі жойылды. Орташа жөндеу кеш басталып жатыр. Маусым айында 17 сараптама алдық, оның 13-і қайта жасалып, 4-і орындалған жоқ, –деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Асхат Үсенов.