|
08.08.2023 | 18:37
2592

Самокат қозғалысы шектеледі: Алматыда тәртіп сақшылары түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр

30 тамыздан кейін оларға да айыппұл сала бастайды

Самокат қозғалысы шектеледі: Алматыда тәртіп сақшылары түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр Көрнекі фото / иллюстративное фото: masterkaz.kz

Темір тұлпар мен жаяулардың жолын кесіп, ереже сақтамайтын самокат пен мопед мінгендер енді оңай құтылмайды. 30 тамыздан кейін оларға да айыппұл сала бастайды. Екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, қос дөңгелектінің тізгіншілері заң алдында жауап береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Бүгінде алып шаһар Алматыда тұрғындардікін санамағанда, жалға берілетін 15 мыңнан астам электр самокат бар. Тұрақты қолданушысы одан да көп. Енді олардың барлығы дерлік бұл жаңалықтан хабардар деуге келмес. Сондықтан қаланың тәртіп сақшылары түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр.

Бұл – осыдан 4 жыл бұрын әлеуметтік желіде желдей ескен бейнежазбаның бірі. Көлік жүргізушілерімен жанжалдасып, тіпті осылай жаға жыртысуға дейін барған самокат пен мопед мінерлер бүгінде баршылық. Бірі жолға таласады, енді бірі аяқасты қозғалып, соғылып жатады. Өз жөнімен келе жатқан жаяуларды да қаққандар көп.  

– Мопед пен самокат мінгендер 80% кедергі келтіреді. Соның салдарынан көліктер қақтығысып қалып жатыр. Жол апатынан қашпақ болған жүргізушілер басқа көлікке соқтығысып жатады. Содан жүргізушілер арасында жанжал шығады, – дейді қала тұрғыны Жанболат Нұртазаев.

Қаладағы самокат пен мопедке қатысты бөлек заңның болуын көлік жүргізушілері ғана емес, жаяулар да көптен бері талап етіп келеді.  

– 30 тамыздан бастап "Жол жүру қағидаларының" заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар өз күшіне енеді. Электр самокат көлік құралдары болып есептеледі. Электр самокат тротуардың үстінде 6 км/сағ, ал жол үстінде 25 км/сағ жылдамдақтан асырмауы тиіс. Көлік құралдарымен бірге жолдың ортасына шықпауы тиіс, – деді ПД мамандандырылған батальонның аға инспекторы Қуаныш Балғымбаев

Сондай-ақ тоқ самокат тізгіндегендер веложолағы бар көшеде веложолақпен жүруге міндеттеледі. Оны көре тұра, басқа жермен өтіп кетсе, тәртіп бұзған болып есептеледі. Одан бөлек, көлік жолына жүргізуші куәлігі барлар ғана шыға алады. Бір самокатқа екі адам мінуге немесе жүк тасымалдауға болмайды. 

– Қазір жаяулар мен самокат мінгендер арасында дау әлі де бар. Бір-біріне көңілі толмай жүреді. Өзім самокатты жиі қолданамын. Нақты заң болғаны бізге де жақсы. Көлік апаты мен жолдағы жанжал азаяды деген үміттеміз, – деді қала тұрғыны Дмитрий Кошкин.

Статистикаға жүгінсек, 8 ай ішінде мобильді көлік жүргізушілері 10 мыңға жуық ереже бұзған. Мопед, самокаттардың қатысуымен 250-ге тарта жол оқиғасы болыпты. 100-ден астам адам жарақат алып, 10 адам көз жұмған.

Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыздар: Жүргізуші куәлігі: экзамен қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир