10 желтоқсанда Петропавл қаласындағы «Қызылжар» халықаралық әуежайының жұмысы тоқтауы мүмкін. Азаматтық авиация комитеті әуежайда тексеріс жүргізгенде бірқатар оқылық тапқан. Кемшіліктер бір аптаның ішінде жойылмаса, серіктестіктің жабылып қалу қаупі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуежай директорының сөзінше, аэродром қызметі шеберлерінің жетіспеушілігі мәселесін шешу керек. Бұған қоса, серіктестіктегі жанармай сақтайтын орын жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Петропавл халықаралық әуежайы авиация әкімшілігі жасаған ескертулерді 10 желтоқсанға дейін жойып үлгереміз деп отыр.
Бүгінгі күні Qazaq Air және СКАТ әуе компанияларының Петропавл қаласының әуежайындағы рейстері штаттық режимде жүріп жатыр. Жалпы, әуежай Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларына қатынайды.
«Шешуді талап ететін мәселелер бар. Мамандар тапшылығын жою керек. Бізде кадр жетіспеушілігі бар. Бұл түйткіл шешілгеннен кейін, бұйрық күшін жоюы мүмкін. Біз қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мамандарды басқа әуекомпаниялардан тартатын боламыз», – деді «Қызылжар» халықаралық әуежайы ЖШС директоры Уәлихан Желізбаев.