Алматыда асфальтбетон қоспасын пайдаланып жолдарды жөндеу мерзімінен бұрын басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда қыста ойылып қалған, шұрық-тесік жолдарды ретке келтіру биыл ерте басталады. Бұл жұмыстарды атқаруға қаладағы алып асфальт-бетон жасайтын зауыт та дайын отыр. Әдетте наурыз айында демалыстан шығатын өндіріс орны бұл жолы ақпан айында іске кірісуге келіскен. Оған қоса, қала әкімдігі жол жөндеумен айналысатын бес мекемемен де Меморандумға қол қойылған.
Қыс бітіп, көктем шыға Алматы көшелеріндегі жол жайы халыққа қолайсыздық туғызып жатады. Алып шаһарда биыл жолдардағы шұңқырларды асфальт-бетонмен жамау жұмыстары ерте басталады. Жауапты басқарма шамамен 180 мың шаршы метр аумақты тегістемек. Бұл дүйім елдің қауіпсіздігі үшін қолға алынып отыр.
«Біз шығарған өнімнің сапасын үнемі бақылауда ұстаймыз. Асфальтбетонды жолдарға төсемес бұрын бірнеше тексеруден өткіземіз. Біз алдымен қарап шығып, кейін температурасын өлшейміз. Ол белгіленген стандарттарға сай болуы керек. Құрамын да тексереміз», – деді зауыттың сынақ зертханасы меңгерушісі Раиса Ғалымбекова.
Бұл – Алматыдағы асфальт-бетон шығаратын алып зауыттардың бірі. 50 жылдық тарихы бар кәсіпорын әдеттегідей наурыз айында енді демалмайды. Олар қала көшелеріндегі ойылған аумақтарға арнап асфальт жасап бермек. Былтыр ғана жаңа құрылғы сатып алған зауыттың өнімділігі айтарлықтай артқан.
«Алматы қаласының аумағы да, халық саны да жыл сайын өсіп келеді. Биыл қала әкімдігінен ойық жерлерді ерте жөндеуді бастау туралы ұсыныс түсті. Біз оны құп көрдік. Былтыр біз 1 айға кеш бастадық. Біздің зауытпен жыл сайын бірге жұмыс істейтін, жол жөндейтін компаниялар көлік бөлді. Бұл асфальтті керек жерге ыстық күйінде бірден барып төсеу үшін аса қажет. Жұмысты сапалы істеуге дайынбыз», – деді зауыттың бас инженері Камиль Супиев
Алматыда қанша ойылған аумақ барын дөп басып айту қиын. Қалалық мобилділік басқармасы барлығын қамтуға тырыспақ. Барлық техника мен жұмыс күші дайын. Шаһарда 2023 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 220 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы