Асқаров көшесін қайта жөндеу жұмысы екі күнде аяқталады

19.04.2022 00:41

Жол құрылысына 6 арнайы техника, 20 шақты адам жұмылдырылған

Almaty.tv

Асқаров көшесінде жұртқа ыңғайсыздық тудырып, созбаққа салынған жол құрылысы екі күнде аяқталатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы әкімінің халықпен кездесуінде Бостандық ауданының тұрғындары жолдың қайта-қайта қазылатынын, жөндеу жұмыстарының бірнеше жылдан бері бітпей жатқанын айтқан еді. Енді түйткіл түбегейлі шешімін таппақ. Тұрғынның осындай өтінішінен кейін Ерболат Досаев қалалық мобильділік басқармасының басшысына шағымданушымен бірге барып, жолдың жағдайын көруге тапсырма берген еді. Содан бері учаскеде жұмыс қызған. Асқаров көшесіндегі бұл жол 2020 жылы жасалған екен. Қазір бұзылған жерлерді бұрынғы мердігер компанияның жұмысшылары қайтадан ретке келтіріп жатыр. Жол жөндеушілер айтылған аумақтағы шаруаны екі күнде аяқтаймыз деп сендірді.

«Саин көшесінен мына «Жұлдыз» дүкеніне дейінгі жер бір учаске түгелімен асфальт қайтадан салынды. Жолайрығынан бергі аймақ та ауыстырылған болатын.  Екі күнде бітеді», – деді Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Әліпбеков.

Жалпы бұл аумаққа «Алматысу» мекемесінің тапсырысы бойынша кәріз желісі тартылып, құбыр диаметрі ұлғайтылыпты. Өз кезегінде тұрғындар ыңғайсыздықты мейлінше азайту үшін мұндай жұмыстар түнгі уақытта жасалса деген ниет білдірді.

«Бұдан кейін кептеліс болмайтын шығар. Соңғы рет жасалып жатыр деп ойлаймыз», – деді қала тұрғыны Нұрәлі Исахан.

Жол құрылысына 6 арнайы техника, 20 шақты адам жұмылдырылған.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы