Жүргізуші куәлігі: емтихан қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді

09.08.2023 00:00

Сарапшылардың айтуынша, жүргізуші куәлігін алғанда цифрлық жүйе орнатылғаны дұрыс

Almaty.tv

Елімізде жүргізуші куәлігін алу бұрынғыдан да қиындай түсті. ІІМ механикалық көлік құралын тізгіндейтіндерді дайындау ережесі мен емтихан қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәуірбек Нұрмағаметұлының жүргізуші куәлігін ала алмай жүргеніне 2 ай болыпты. Экзамен тапсыруға келген сайын бастапқы теориялық сынақтан сүрінеді екен. Бүгін үшінші рет өтуге келіп тұр. Соның өзінде межелі балды жинай алмаған. Айтуынша, енді талап бұдан әрі қатаңдатылса, өзі секілді куәлік алуға ниеттілерге қиын болмақ.

– Өзім дайын емес едім. Сұрақтарды қарап келдім. Қазір 26 балл алдым. Бірінші келгенде 23 балл алған едім. Қиындатпай, осы қалыпта қалғаны дұрыс деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Дәуірбек Нұрмағаметұлы.

ІІМ жүргізуші куәлігін алу жұмысын жекеменшік компаниялардың құзырына берген. Енді құжат алу ісіне мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы да, қалалық полиция департаментіндігілер де қатыса алмайды. «Бұл «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол бермеу үшін қабылданған шешім» дейді ведомстводағылар. Одан бөлек, тест тапсыруға арналған арнайы бөлме де жасақталған.

– Бұрын бейнебақылау жоқ болған. Сондықтан жүйені айналып өту оңай болды. Қазір біз қойған үстелден жан-жағы көрініп отырады. Залда күтіп отырған азаматтар тікелей эфирден көріп отырады, – деді жекеменшік компанияның қызметкері Елдар Бекболатов.

Ал сарапшылардың айтуынша, жүргізуші куәлігін алғанда цифрлық жүйенің орнатылғаны дұрыс. Тест тапсыруға келген кандидаттардың көбі сынақтан өте алмай жатады. Себебі үміткердің дайындық жүргізу үшін қажетті әдістемелік құралы жоқ.  Болған күннің өзінде қазақ тіліндегі аудармалары түсініксіз. Соның салдарынан куәлік ала алмай, әбден әбігерге түскендер заңсыз әрекетке баратын көрінеді.

– Техникалық-материалдық сапасы дұрыс емес деп ойлаймын. Жаңадан үйренген адам машинаны кәсіби жүргізуші сияқты айдай алмайды. Автодром, кітап көбейсе жақсы болар еді. Қажеті құралдардың аудармалары дұрыс емес, оқығанда түсініксіз, – деді автосарапшы Бақытжан Серікұлы.

Жүргізуші куәлігін тапсыра алмаған қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. Себебі елімізде мұндай статистика жүргізілмейді. Ал жол қозғалыс ережесін білмеу салдарынан болатын апаттың саны жыл сайын 14 мыңнан асып жығылады екен.  

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының автопаркі 100 жаңа автобуспен толықты