Қазақстанда көлік бағасы тағы қымбаттады

21.09.2021 02:50

Елімізде жаңа көліктер тапшылығы сезіле бастады

Фото: lenta.inform.kz

Елімізде темір тұлпарлар құны қымбаттап барады. Су жаңа көліктер тапшылығы тағы бар. Мәселен, биыл тамыз айында автосалондарда 8 мыңнан аса көлік сатылған. Ал шілдеде бұл көрсеткіш 15 пайызға артық еді. Соңғы 2 айда бұл үрдіс қарапайым халықтың қалтасын қағып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Нұрислам Жұмағалиұлы – жас кәсіпкер. Жаңа көліктерді сатып алып, жүргізушілерге жалға берумен айналысады. Айтуынша, соңғы 3 айда темір тұлпарға сұраныс белгісіз себептермен артып, құны шарықтап кеткен. Ал автосалондарда көліктердің кей маркалары мүлде жоқ дейді. Сол үшін Өзбекстандағы салонға тапсырыс беріп, әр автомобильге алдын ала жарна төлепті. Бірақ ол жеткенше баға тағы да көтеріліп кете ме деп алаңдап отыр.

«Өзіміз алып, жалға беріп жатқан «Шевролет Нексиа» көліктерін біз осыдан 3 ай бұрын 4,5 миллион теңгеге сатып алғанбыз. Қазір сол көліктер, тіпті, бұған дейін қолданыста болып, 30-40 мың шақырым жүрген көліктердің өзі қазір 5 миллион, 4 миллион 800 мың теңгеге сатылып жатыр. Екі ай бұрын тапсырыс бергенбіз. Қазір 15 көлікті әлі күнге дейін күтудеміз. Олар желтоқсанға дейін келеді дейді. Негізі, екі айдың ішінде келуі керек еді», - дейді жеке кәсіпкер Нұрислам Жұмағалиев. 

Қарапайым халық та көлік бағасының қымбаттап кеткені қалталарына ауыр тиіп жатқанын айттыы.

«Мен өзімнің автокөлігімді осыдан 1 ай бұрын сатқанмын. 2015 жылғы «Хюндай акцент» көлігі еді. Енді сол бағаға қазір көлік ала алмай отырмын. Қазір 1 айдың ішінде көліктердің бағасы қатты шарықтап кеткен. Соның себебін біле алмай отырмыз. Не себепті көтеріліп кетті? Өз көлігімді сатқаныма өкініп отырмын. Үстіне ақша қосып, қайтадан өзімнің машинамды алуға тура келіп тұр. Ал біздің жалақы оған тура келмейді», - дейді қала тұрғыны Жамаш Жүсіпжанов.

Осы ретте, сарапшы мамандар көлік тапшылығы – автомобиль жасалатын темір материалдардың қымбаттауына байланысты дейді. Сондай-ақ, автокөлік электроникасына қажетті микросхема жетпегендіктен зауыттар өндірісті азайтқан. Осыған байланысты, қазір отандық автосалон иелері тапсырысты алдын ала қабылдағанымен, жеткізу уақытын кейінге шегеруде.

«Ең алдымен, инфляцияның әсері бар. Себебі, көлік өндіретін зауыттар локдаунға байланысты ашылып, жабылып жатты. Сәйкесінше, автомобильдер межелеген уақытта жеткізілмей қалды. Одан бөлек, көліктерді құрау Еуропада 200 евро тұрса, Қазақстанда ол баға 4 мың долларға жетеді. Соның салдарынан елде қолданылған тұлпарлар сатылымы азайып, жаңа көліктерге сұраныс артты. Осылай, баға да шарықтады», - дейді Тәуелсіз автомобильді одақтың төрағасы Эдуард Эдоков.  

Елде көлік тапшылығының орын алуына қарамастан, отандастарымыз 8 айда 76 мың жаңа автокөлікті иеленген. Бұл былтырмен салыстырғанда 40 пайызға көп көрсеткіш. Ал тек тамызда 8734 жаңа көлік сатылыпты.

Сарапшы мамандар елде көлік саудасының бәсеңдеуіне пандемия айтарлықтай себеп болғанын алға тартады. Әсіресе бұл үрдіс соңғы бір-екі айда қатты сезіле бастаған. Мәселен, бұған дейін халық өзге елден су жаңа темір тұлпарға тапсырыс бергенде бас-аяғы 6 ай көлемінде күтсе, қазір уақыты кемінде 8 айға созылып кеткен.  Бұл өз кезегінде сұранысты көбейтіп отыр. Енді алдағы уақытта көліктердің жеткізілуі тағы да кешіктіріліп, жағдай қадағаланбаса, нарықтағы бағаның тағы да шарықтап кетпесіне кім кепіл?!.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы