Елімізде соңғы жылдары авиация саласына қызығатын нәзік жандылардың саны өскен. Бүгінде Алматыдағы азаматтық авиация академиясында 300-ден астам қыз оқыса, соның 30-ы ұшқыш болуды армандайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұшқыш мамандығында оқитын Мөлдір басында химик болуды армандаған. Әрі ата-анасы да авиация саласын таңдауына қарсы болыпты. Алайда ол дегенінен қайтпай, түбінде өзі қалаған оқу орнына түскен екен. Оның ендігі арманы – шетелде тәжірибе жинап, білімін ұштау.
«Мектепте ұшқыштармен конференция болды. Сол кезде командир пилоттың әңгімесі, өзін-өзі ұстауы, ұшақтың ұшуы туралы түсіндіруі, бәрі маған ұнады. Сол сәтте бір күнде ұшқыш боламын деп шештім» - дейді Азаматтық авиация академиясының студенті Мөлдір Тұрған.
Ал Ділнәз арман қуып, сонау солтүстік өңірден келіпті. Бала кезінен әуежайға қатысты кинотуындыларды көп көргендіктен, авиация саласын таңдапты. Қазір оның арманы орындалып, әуежайлардың жердегі радиоэлектрондық жабдықтарына қызмет көрсету мамандағында білім алып жатыр.
«Мен 9-сыныпты бітіргеннен кейін әуежайға қатысты фильм көрген болатынмын. Яғни жұмыс істеп жүрген адамдардың атмосферасы маған ұнағандықтан, 10-сыныпта физика пәнін таңдадым. Алдағы уақытта әуежайда жұмыс істеп, оны дамытқым келеді», - дейді Азаматтық авиация академиясының тағы бір студенті Ділнәз Нұрмұхамбет.
Бүгінде азаматтық авиация академиясын бітірген арулардың 15-і отандық ұшақтарды басқарып жүр. Олардың арасында әскери әуе кемесін жүргізетін Ардана Ботай да бар.
«Қыздарымыз қазір тіршіліктің кез келген тұсында өз орнын тауып жатыр. Аспанды бағындырып жүрген әпке-қарындастарымыз аз емес», - деді Азаматтық авиация академиясы академиялық жұмыс департаментінің директоры Аркен Шанлаяков.
Болашақ ұшқыштар 1 курста жай ғана теориялық білім алса, екінші және үшінші жылдан бастап әуе симоляторы деп аталатын ұшақ макетінде тәжірибеден өтеді.
Авиация саласын игеріп жатқан қыздардың ендігі арманы оқуларын үздік аяқтап, отандық әуе команияларына жұмысқа тұру.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы