Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшелері қиылысындағы жолайрықта 500-ден аса жол белгісі бар
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» құрылысы енді аяқталған жолдардағы белгілерді тексеруді бастады. Зертхана мамандары бүгін Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшелері қиылысындағы жолайрыққа қойылған таңбалардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл жолайрыққа 500-ден астам жол белгісі қойылған. Ал қауіпсіздікті сақтап, жол-көлік апаттарының алдын алу үшін белгілердің маңызы зор. Сондықтан «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» мамандары арнайы құрылғылардың көмегімен таңбалардың талапқа сай болуын қадағалайды.
– Бүгінгі таңда Бұқтырма жолайрығындағы жол белгілерін тексеріп жатырмыз. Жүзге жуық жол белгісін қай жерде орналасқанын, биіктігін тексереміз, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК жол инженері Досжан Сұрапбергенов
Ретрорефлектометрдің көмегімен белгілердің жарыққа шағылысу деңгейін анықтайды. Демек, түнде жол үстінде келе жатқан жүргізушіге жол белгілері көріне ме, осы тұрғыда олар талапқа сай ма, соны тексереді.
– Аппаратты Ресейге жылда сертификацияға жібереміз. Жақын арада қолданысқа келді, жол белгілерін тексеру жұмысын жалғастырып жатырмыз, – деді Досжан Сұрапбергенов
Ал жол белгілерін орнатқан мердігер компания барлық жұмыс талапқа сай жүргізілді деп отыр. Себебі, жол белгілерінің қозғалыс қауіпсіздігі үшін өте маңызды екенін жақсы түсінетінін жеткізді.
– Құлжа тас жолы мен Бұқтырма көшелерінің қиылысындағы жолайрықта 500-ге жуық жол белгісі қойылған. Екінші типті жарық қайтару пленкаларын орналастырдық. Сондай-ақ таңбалардың биіктігі де талапқа сай деп айта аламын, – деді мердігер компания өкілі Ярослав Харламов.
Тексеру барысында олқылық анықталса, түзету туралы хаттама мердігерлер мен жол қауіпсіздігіне жауапты ұйымдарға жолданады. Онда компания шұғыл түрде жол белгісін немесе таңбаны талапқа сай етіп қайта жасауға міндеттеледі.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тұрғындар Алматы мен Кеген ауданы арасындағы жолды жөндеуді талап еттіп отыр