Жамбыл облысында сұйытылған газ тапшы

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Әкімдік өкілінің айтуынша, өңірге сұйылтылған отын уақытында жеткізілмеген көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы газ құятын бекеттердің көбінде сұйылтылған отын жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тек кейбір стансаларда талонмен ғана сатылып жатыр. Ал Тараз қаласының өзінде газ құю бекеттерінде таң азанмен ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Себебі сырттан көгілдір отын іздеп келгендер осында ағылуда.

Өңірдегі жеңіл көліктердің басым көпшілігі көгілдір отынмен жүретіндіктен, бұл мәселе жергілікті халыққа оңай тиген жоқ. Сұйылтылған газ іздеп сандалған жүргізушілер отын табылған күннің өзінде кемінде 1 сағат кезекте тұруға мәжбүр.

«Осы жерде бар екен. Қанша күн болды, іздеп таппай жүрмін. Мен қазір қалаға жақын маңдағы ауылдан келіп тұрмын. Еш жерде газ жоқ. Былтыр да осындай уақытта газ жоқ, сосын бағасын көтерді», – деді қала тұрғыны Қыдырбай Сағидуллаұлы.

«Бір айдай болып қалды, газ жоқ. Қалада кезекке тұрамыз. Үлгергенше аламыз», – деді қала тұрғыны Досымбек Сазанов.

«Көп бекетте газ жоқ, лимит. Бала шағамызды осы көлікпен асырап жүрміз. Мынандай кезекте күн суықта тұру да оғай емес», – деді қала тұрғыны Асхан Рақышев.

Аталған мәселені облыс әкімдігіне қарасты Энергетика басқармасындағылар да растап отыр. Айтуларынша, өңірге сұйылтылған отын өз уақытынан жеткізілмеген көрінеді.

«Облыс әкімдігімен Энергетика министрлігімен бірлесе облысқа желтоқсан айына 5 мың тонна сұйылтылған мұнай газ бөлінген. Аталған сұйылтылған мұнай газы облыстағы 34 жекеменшік газ сатумен айналысатын мекемелер арасына бөлінген. Энергетика министрлігі тарапынан негізгі жеткізуші болып Ақтөбе облысында орналасқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» Ақ зауыты бекітілді. Аталған арақашықтықта бізге вагон цистерналар 10-14 күнде келеді», – деді Жамбыл облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.

Жауаптылар алдағы күндері газ тапшылығы болмайтынын айтты.

Новости партнеров