Көлікті заңдастыру 1 шілдеге дейін жалғасады
Алматыда конструктор көліктерін заңдастыру басталғалы 200-дей өтінім келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше «республика бойынша автомобиль-конструкторларды тіркеуден өткізуге болады» деген хабарды естіген алматылық Болатжан Сұлтанғазиев бірден арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келген. Ал бүгін шетелден автобөлшек ретінде әкелінген көлігін толықтай заңдастырды.
– Техникалық паспорт, жеке куәлік, сақтандыру сынды құжаттың көшірмесін тапсырдым. Бүгін таңертең өтінім қабылданып, 2 сағаттан кейін Қазақстанның құжатын алдым, – деді қала тұрғыны Болатжан Сұлтанғазиев
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, көлікті заңды түрде тіркеу көп қиындық тудырмайды. Құжаттарды құнттап жинағаннан бөлек, тағы бір шарты бар.
– Бүгінгі таңда 200-ге жуық өтінім қабылданды. Оның ішінде мемлекеттік белгісі мен техникалық паспортын алып үлгергендер де бар. Бұл көліктер 1 қыркүйекке легализациядан өте алады, – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Ал легализация келесі кезекпен іске асады. Алдымен онлайн өтінім беріп, оны электронды тіркеу қажет. Одан кейін автомобиль электрондық мақұлдау парағына енгізіледі. Ал кейін қайта онлайн өтінім беріп, электронды мақұлдау парағы бойынша тексерістен өтеді. Соңында диагностикалық картаны ұсынып, 200 мың теңге баж салығын төлейді.
Барлық құжатты тапсырып болғаннан кейін, телефоныңызға смс-хабарлама келеді. Ал одан кейін көлікті тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік нөмірді алуға болады.
Ал егер конструктор көліктің легализациясы бойынша қандай да бір сұрақ туындаса, экранда көрсетілген колл-орталықтың нөміріне хабарласып, керек ақпарды ала аласыз. Ішкі істер министрлігі олардың тізімін бүгін жариялады. Айта кетейік, конструктор көлікті заңдастыру 1 шілдеге дейін жалғасады.
Қайрат Советбекұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы