Жақында ғана қалада жолаушыларға темекі беріп, есінен тандырып, тонап кеткен ұйымдасқан топ ұсталды. Күдіктілердің үстінен арызданып жатқандардың саны қазір 6 адамға жеткен. Біреуі – Ресей федерациясының азаматы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылықтардың такси қызметін пайдалануға қатысты пікірлері әртүрлі. Бірі көшеден ұстай салған арзан десе, өзгелері мұндай таксилер жолай тағы бірнеше жолаушыға тоқтап, уақытты ұрлайды деп шағымданады. Сондықтан, екіншілері такси қызметін онлайн шақыртқанды жөн көреді екен.
Соңғы кезде Алматыда жеке көлікпен жолаушы тасымалдайтындардан зардап шеккендер көп. Соның бірі – Рифат Сұлтанбеков. Жақында көше бойынан такси ұстап, үйіне бара жатқан жолда оны тонап кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, жүргізуші оған темекі ұсынған, одан кейін не болғаны есінде жоқ. Сол аралықта жүргізуші оның қалтасын тазалап үлгеріпті.
«Осы жағдайдан кейін мен такси қызметін шақырту арқылы қолданатын болдым. Себебі, алаяқ жүргізушілерден зардап шеккен жалғыз мен ғана емес. Жарты жылдың ішінде осындай жағдаймен бірнеше адам арызданыпты», – дейді Рифат СҰЛТАНБЕКОВ.
Соңғы жылдары Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын жеке компаниялар көбейіп келеді. Мұндай шешім шетелде де қарқынды дамыған. Мәселен, Мәскеу билігі жол жиегінде такси тоқтататын адамдармен күресті 10 жыл бұрын бастап, оң нәтижеге енді қол жеткізді. Біздегі компаниялар такси қызметінің заңды болғаны дұрыс дейді. Ол қауіпсіз, әрі ыңғайлы.
«Такси қызметін мобильді қосымша арқылы пайдаланған дұрыс. Өйткені онда барлық ақпараттар сақталады. Яғни, бірінші орында тұтынушының қауіпсіздігі тұрады. Егерде жүргізуші тарапынан құқық бұзылса, жолаушы бірден диспетчерлік орталыққа хабарласа алады», – дейді Қазақстандағы «Яндекс Такси» қызметінің директоры Дәурен АХМЕТҚАЛИ.
Ал, урбанистер жеке жүргізушілерді жақтайды. Өйткені олар жол-жөнекей бірнеше адамды алып кете береді. Қосымша арқылы такси шақырғанда кем дегенде 10 минут уақыт кететінін айтады.
Полицейлердің мәліметінше, адамдар көбіне көліктерді қаланың батысында Райымбек пен Момышұлы көшелерінің жиегінде, ал шығысында «Саяхат» автовокзалының маңында тоқтатады екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, былтыр жол жиегінде жағалай тұратын жолаушылардың кесірінен 58 жол апаты болған. Салдарынан, 8 адам қайтыс болып, 50 адам жарақат алыпты. Ал, жыл басынан бері 9 жол апаты болып үлгерген. Абырой болғанда, көз жұмғандар жоқ. Ал, жол жүру ережесне сай тоқтауға тыйым салынған жерлерде такси ұстаған адамға да, оған тоқтаған жүргізушіге де әкімшілік хаттама толтырылады.
«Егер рұқсат етілмейтін белгінің астында тоқтау жағдайы айқындалса, біз жолаушыға да, жүргізушіге де әкімшілік шаралар қолданамыз. Жолаушыларын тиісті емес жерден отырғызып, түсіретін көлік жүргізушілері өте көп. Заңға қайшы әрекет болғандықтар, мұндайда міндетті түрде әкімшілік хаттама толтырылады», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Сеңдей соғылысып, судай сапырылысқан Алматы қаласында көліктердің 1 күндік трафигі 1 миллионға жуықтайды. Бірінші орында қауіпсіздік тұрғанымен, жол-жөнекей такси ұстайтындарды тыю ұзаққа созылатын түрі бар. Сондықтан, такси қызметі бір ізге түскенше әр жолаушы өзіне сақ болғаны дұрыс дейді сарапшылар.
Өмір Әнуарбек, Рашит Ильясов, «Алматы» телеарансы