Ақылды бағдаршам: жасанды интеллект жүйесі орнатылған құрылғы тиімді ме

Из открытых источников
Из открытых источников
Алматыдағы көлік кептелісін азайту мақсатында 492 бағдаршам қайта жөнделіп, жаңартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы көлік кептелісін азайту мақсатында 492 бағдаршам қайта жөнделіп, жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір қалада жол қозғалысын реттеп тұрған 590 бағдаршам бар. Олардың жұмысын жүздеген маман бақылап отырады. 2021 жылы 98 құрылғыға жасанды интеллект жүйесі орнатылды. Нәтижесінде 1 айдың ішінде мұндай «ақылды» бағдаршамдар бар қиылыстарда өткізу қабілеті 10-нан 20 пайызға дейін артса, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың жолға кететін уақыты 15 пайызға қысқарған.

«Ақылды» бағдаршамдардың басты қызметі көше басынан шыққан көліктердің санын есептеп көше соңына жолдайды. Соған орай қала қозғылысын бағыттау режимі де өзгеріп отырады. Сәйкесінше, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.

Жоба бүгінде жол қозғалысын реттеудегі жетекші бағдарламалардың көшін бастап тұр. Мәселен Абылай хан даңғылы, Назарбаев көшесінде қалтқысыз жұмыс істеп тұрған жүйе жұмысына жүргізушілер де баға беріп отыр.

Бағытты уақытпен емес, ақылмен реттейтін заманауи бағдаршамдар қабылдығыш арқылы көлік санын есептей алады. Ол үшін асфальт бетіне сезімтал тетіктер орнатылған. Мәселен көшенің басынан бір уақытта 50 көлік қозғалды делік, ол келесі көшенің соңындағы бағдаршамға жеткенше темір тұлпардардың келетін уақыты, саны туралы сигнал келіп түседі. Соған сәйкес таблодағы уақыт артып немесе кеміп отырады. Бұл – өз кезегінде қай көшеде көлік көп, сол бағытқа жол ашылып отырады деген сөз.

– Тексеріс жүргіздік, нәтижесі бізді таң қалдырды. «Ақылды» бағдаршамдар орнатылған көшелерде кептеліс едәуір азайды. Мұны байқаған жүргізушілер де сол бағытқа қарай ауысып, сол жолдармен жүруге тырысады, – деді Жол белгілері мен бағдаршамдарға жауапты ұйымның бас инженері Алексей Ластовка.

«Алып шаһардағы автокөлік қозғалысын реттеу үшін жоғарыдағы жүйе барлық көшеге енгізілсе игі еді» дейді дүйім ел. Өйткені кептеліс қаншалықты ұзақ болса, ауаға бөлінетін улы газдардың да үлесі арта түспек.

– Кептелістен қазіргі заманғы қаланың бірде-бірі құтыла алмайды. Себебі автокөлік көбеймесе, азаймайды. Менің ойымша, оған көлік жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де түсіністікпен қарауы керек. Көлік қозғалысы мен адамдардың жүріс-тұрысын оңтайландырудың бір тетігі, бір механизімі деп есептеймін, – деді қала тұрғыны Бауыржан Ғұбайдуллин.

Қаладағы қоғамдық көліктердің, велосипедшілер мен самокат тізгіндегендердің де қозғалысын жеңілдету үшін алдағы уақытта 492 бағдаршам қайта жөнделіп, жаңартылады. Жұмыстың екінші кезеңіне сәйкес, құрылғыларға жасанды интеллект енгізу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жоспарланған.

Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров