Алматыда қоғамдық көлікте көпбалалы аналардан басқа кімдердің тегін жүретіні белгілі болды

30.01.2021 01:26

Бұл мәселе 1 апта бұрын «Алматы» арнасындағы Akimat live бағдарламасында көтерілген болатын

Almaty.tv

Алматыда қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы адамдардың санаты кеңейді. Енді «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері мен басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарға қатысқан ардагерлер қоғамдық көлікпен тегін қатынай алады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қалалық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапқан бұл тізімге тағы кімдер ілікті? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Шаһарда әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қоғамдық көлікпен қатынауға жеңілдіктер жасалуда. Бұл мәселе 1 апта бұрын «Алматы» арнасындағы Akimat live бағдарламасында көтерілген болатын. Хабарға 46 жастағы тәжік-ауған соғысының ардагері қоңырау шалып, өз өтініш білдірген еді.

«Жақсы. Мен білемін ауған соғысына қатысушы ардагерлердің тарапынан көптеген осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Біз бір категорияны алып шығатын болсақ, онда басқа категориялардың барлығы осындай сұраныспен келіп жатады. Қаншалықты оны біздің бюджетіміз көтере алады? Өйткені жылдан жылға оның өсімі болады. Осыған байланысты біз толығымен қарап шығып, тек қана тәжік-ауған соғысына қатысқан ардагерлер ғана емес, жалпы осы әлеуметтік салаға байланысты тұрмысы төмен, көпбалалы, басқа да категориялар бойынша шешімімізді жасауымыз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан қолдауға ие болды. Енді басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарға қатысқан ардагерлер қоғамдық көлікпен тегін қатынауына мүмкіндік жасалып отыр. Түсірілім тобы бағдарламаға хабарласқан азаматты тауып, тілдескен едік. Ардагер өз қуанышын жасырмады.

«Алматы қаласының әкімі Алматы қаласында ардагерлерге қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын берді деп бүгін естіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз! Алматы қаласының әкіміне ардагерлердің атынан алғысымызды білдіреміз! Көп-көп рахметімізді айтамыз!» – деді Тәжік-ауған соғысының ардагері Жеңісбек Өмірбеков.

Бұл тізімге 4 мыңнан астам көпбалалы ана да іліккен. Ардақ Чуюмбекова - 7 перзенттің анасы, «Күміс» және «Алтын алқа» иегері. Ол қоғамдық көлікпен қатынауда бұрындары көпбалалы аналарға 50 пайыз жеңілдік болғанын айтады. Бірақ, қазір тегін жүруге мүмкіндік жасалғаны - үлкен құрмет деп есептейді.

«Қаланың бір шетінен екінші шетіне жету оңай емес. Мысалға, кейбіреулер жұмысқа қатынау үшін бірнеше көлікпен қайта-қайта аялдамадан ауысып мінеді. Сондықтан егер ол толық ақымен жүретін болса, оның өзі қалтаны қағып түсіретін жағдайлар кездеседі. Сол себепті қоғамдық көлікке қатысты жеңілдіктер қарастырылатын болса, оның өзі керемет! Біраз көмек деп ойлаймын», – деді көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Ардақ Чуюмбекова.

Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы алып жүретін қамқоршыларға 50 пайыз жеңілдікпен жүру құқығы берілді. Шаһарда барлығы осындай 1161 адам тіркелген.

Қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға негізделген бұл шара өпшілік тарапынан оң бағаға ие болып отыр.  

БЛИЦ:

1. Да, это облегчит жизнь социально-уязвимым гражданам.

2. Когда думают о людях – это прекрасно. Особенно малоимущие и обделенные всем на свете.

3. Мой родной брат участник войны афганской. Очень хорошо, мое мнение- положительное.

Графика-1

Қалалық қоғамдық көлікте тегін және жеңілдетілген тарифтермен жол жүру мүмкіндігі берілген азаматтар:

Тегін:

1)ҰОС қатысушылары, мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар;

2) 75 жастан асқан зейнеткерлер;

3) І, ІІ топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейiнгi мүгедек балалар;

4) 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар;

50% жеңілдік:

1) 15 жастан асқан жалпы білім беретін мектептердің оқушылары;

2) Күндізгі оқу нысанындағы техникалық және кәсіби білім беру орындарының білім алушылары;

3) Жасына байланысты зейнеткерлер;

4) Көп балалы аналар.

Графика-2

2021 жылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілгендер:

1. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

2. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері;

3. 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы алып жүретін қамқоршылар.

Жалпы қоғамдық көлікпен тегін қатынауға екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен зейнеткерлерге және 1-2 топ мүгедектері мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, жартылай жолақы төлемін өтеу жеңілдігіне көпбалалы аналар мен түрлі мекеме білімгерлері ие болған еді. Биылдан бастап, жаңа категориялар енгізіліп, әкімдік тарапынан қала халқының осал топтарына жеңілдік жасалуда.  

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы