Қызметтің бұл түрімен Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары айналыспақ
Қазір көлікті тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және автокөліктерге мемлекеттік нөмір алуға құжаттарды Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылдайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, жол қозғалысы ережесінен теориялық және практикалық емтихандарды полиция қызметкерлері қабылдауда. Енді 1 шілдеден бастап жүргізуші куәлігін алушылардан теориялық және практикалық емтихандарды қабылдау ісі халыққа қызмет көрсету орталығына жүктеледі.
«Республика бойынша жылына бір миллионнан астам көлік тіркеледі. Ал оларды тіркеу үшін ұзын-сонар кезек күтуге тура келеді. Міне осылардың барлығын ескере келіп, сонымен қатар, емтихан-тіркеу бөлімдеріндегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу үшін бұдан былай емтихан тіркеу бөліністерін таратуды жөн деп шештік. Бұл Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың шешімі», – дейді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә ОРАЗ.
Құжаттарды тексеру полиция қызметкерлері арасында автоматты түрде жүргізіледі. Бұл адам факторын жоюға септігін тигізеді екен. Сонымен қатар, көлік құралдарын бірінші тіркеу кезінде тексеру шараларынан да толықтай бас тарту көзделіп отыр. Ал, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ қалаларда тіркеу-емтихан қызметін қарапайым орталықтар атқаратын болады.