Үлкен Алматы айналма жолы: ақылы жолдың құны қанша

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар оны ресми түрде 15 маусымда ашуды жоспарлап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үлкен Алматы айналма жолы маусым айының ортасында қолданысқа беріледі. Бұл туралы жауапты министрлік өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Құрылысы 2 жыл бұрын басталған Үлкен Алматы айналма жолы қолданысқа дайын. Мамандар оны ресми түрде 15 маусымда ашуды жоспарлап отыр. Ендігі басты мәселе – ақылы жолдың құны. Оның ақысы айлық есептік көрсеткіштің көлеміне қарай құбылып, жылда өсе беруі мүмкін. Автомобиль жолдары комитетінің өкілінің айтуынша, әзірге белгіленген баға қалтаға қонымды. Ал берешекті еш өсімсіз 7 күн ішінде өтеуге болады. Жергілікті халық үшін тиімді шарттар қарастырылған.

– Бізде 6 санатты техника, көлік болады. Біріншіден, жеңіл көліктің 1 сағат ішінде кіріп-шығу құны  242 теңге. Енді бұл жерде жергілікті тұрғындарға арналған абонентік төлем 1700 теңге төлеу арқылы 1 ай бойы жүре алады. Біздің мақсат – инвестор қаражатын осы ақылы жүйе арқылы қайтару, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.

Үлкен Алматы айналма жолына кіретін 7 нүкте белгіленді. Онда шетелдік компания интеллектуалды көліктік жүйе орнатқан. Ол темір тұлпарлардың категориясын анықтап, базаға тіркеп отырады. Жобаға ірі инвесторлар мен 3 халықаралық институт қомақты қаржы құйған. Жауапты мердігер мекеме 16 жыл бойы жолды күтіп баптаумен айналысады.

– Жылдамдығы – 140 шақырым. Енді полиция 120 шақырымға дейін төмендетуді талап етіп тұр. Қауіпсіздікті зерттеу, талдау жұмыстарына қарағанда көлік жылдамдығы 130-дан асса, жол оқиғасы көбейіп кетеді. Қазір көлік жылдамдығын сағатына 120 шақырыммен шектеу туралы ұсыныс түсіп жатыр, – деді Мердігер мекеменің пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев.

Айта кетейік, көліктердің жолдан өткені туралы ақпарат базада 3 жыл бойы сақталады. Қосымша сұрақ туындаса, 1244 қысқа нөміріне хабарласып, ақпарат алуға болады.

Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров