|
01.10.2021 | 21:00
6553

Алматы мен Нұр-Сұлтан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Енді жолаушылар әуежайға ұшу уақытынан кем дегенде, 2 сағат бұрын келуі тиіс

Алматы мен Нұр-Сұлтан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді Almaty.tv

Енді жолаушылар әуежайға ұшатын уақытынан 2 сағат бұрын баруы қажет. Себебі, бүгіннен бастап Алматы халықаралық әуежайында терминалға кіреберісте қосымша тексеру желісі қойылып, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Алайда, бұл жайт ұшуды жоспарлаған жолаушыларға біраз ыңғайсыздық тудырған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

30 қыркүйек күні Алматы халықаралық әуежайында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қосымша тексеру желісі енгізілген болатын. Бұл – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкімі бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралардың жүргізілуіне байланысты жасалған. Яғни, әуе айлағының аумағына тыйым салынған заттардың жеткізілуін болдырмау үшін кіреберіс терминал жаққа бірінші тексеру желісі орнатылып, 1 қазаннан бастап жолаушылар қосымша тексерістен өтіп жатыр. Алайда, қала тұрғындарының бұдан хабары болмаса керек. Бұл жайт әуежайда ұзын-сонар кезек тудырып, алматылықтардың біраз уақытын алған. Рейске кешігіп қаламыз деп дабыл қаққан жолаушылар наразылық білдіріп, болған жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан еді.

Бұл жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында Алматы халықаралық әуежайының хатшысына хабарласып, сұхбат беруін өтіндік. Алайда хатшы сұхбаттан бас тартып, ұялы байланыс телефоны арқылы дыбыстық хабарлама жолдаған еді. Оның айтуынша, мұндай кезектің болғаны рас екен. Басты себеп – тексеретін бір ғана сканер құралы ғана болыпты. Қазір әуежай әкімшілігі олардың санын екіге көбейтіп, жағдайды бақылауға алғанын айтып отыр.

«Жолаушылар терминалға кіреберістен бастап тексеруден өтеді. Мұндай шара бірінші рет жасалып жатқан жоқ. Карантинге дейін де жылына 1-2 мәрте өткізілетін. Қосымша тексеру 14 қазанға дейін жалғасады. Сондықтан біз «Ашық» қосымшасы арқылы және өзге де тексерулерден өтіп, рейске кешігіп қалмау үшін жолаушыларға әуежайға ертерек келуге кеңес береміз», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Наталья Соколова.

Біз бұл мәлімдеменің рас екеніне көз жеткізу мақсатында әуежайға келіп келгенімізд, расымен де 2 сканерлік желі қойылып, адамдар еш кедергісіз кезексіз өтіп жатты. Кіреберісте Ashyq қосымшасымен мәртебе тексеріледі, кейін ткрминалда жолаушылардың сөмкелері жылдам тексеріліп, қызметкерлер жолаушыларды күту залына жіберуде.

Айта кетейік, бұл қауіпсіздік шарасы 14 қазанға дейін жалғасады. Осы ретте жолаушылар рейске кешіккісі келмесе, ұшу уақытынан кем дегенде, 2 сағат бұрын келгені абзал болмақ. Сондай-ақ бұл шара Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайда да енгізілген.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир