Бас қаладағы жылдап күткен LRT пойыздары жүргізушісіз жүйткиді. Нысанға қашықтан басқару жүйесі енгізілуі мүмкін. Он екі жылға созылған жеңіл рельсті трамвай желісін Қытай компаниясы аяқтайтын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10 жылдан аса «жетім қыздың» күйін кешіп тұрған мына LRT құрылысы қайта жанданды. Даулы жобаны қала билігі биыл қолға алды. Ендігі меже – алдағы 3 жылда аяқтап, халық игілігіне беру. Жобаның басты ерекшелігі LRT қашықтан басқарылатын болады. Демек мұндағы пойыздар жүргізушісіз жүйткиді.
– Екі жылдан кейін іске қосылса, отырамыз. Тезірек құрылысы аяқталса жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны.
– Отырмаймын. Салынып жатқанына он жыл болды ғой. Оның құрылысы бітпейді, – дейді тағы бір тұрғын.
Жобаны жеделдету мақсатында LRT құрылысы екі кезеңге бөлінеді. 2025 жылы аяқталатын бірінші кезеңде 8 аялдама бекеті қолданысқа беріледі. Жүрдек пойыздың жылдамдығы сағатына 80 шақырым. Басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған пойыз 25 мың адамға қызмет көрсетеді.
– Екінші кезеңде іске қосылатын кешеннің құны – 735 млн доллар. Демек, 10 аялдама пайдалануға беріледі. Сондай-ақ қосымша 14 станса салынады. Қаржы уақытында бөлінсе, 2026 жылы жұмыс толық аяқталады. Жылжымалы құрам ретінде «тритон» моделі қарастырылған. Оның қуаты – 115 квт, 652 адам қатынайды деп жоспарланып отыр, – деді құрылыс компаниясының атқарушы директоры Нұржан Беков.
LRT-ның ұзындығы 22,4 шақырымға созылады деп жоспарланған. Жобаға қазынадан 1 млрд 152 млн доллар қаржы бөлінді. Жеңіл рельсті трамвай желісі сәтті аяқталса, бас қаладағы әуежай мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыстырады. Бұл істі қытайлық компания аяқтайтын болды.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жол жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр