Сертификат күйінде берілетін төлемді тұрғындар жаңа несиеге қолданса болады
Ертеңнен бастап ескірген жүк көліктері мен автобустарды бөлшектеуге өткізетін азаматтарға 750 мың теңгеге дейін ақы төленеді. Бірақ төлем сертификат күйінде беріледі. Тұрғындар оны жаңа көлікті несиеге аларда пайдаланса болады. Ал жеңіл машиналарды жою құны бұрынғыдай өзгеріссіз қалады.
Жалпы, елімізде ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы іске қосылғалы бері 88 мың машинаның көзі жойылыпты. Ал тозығы жеткен темір тұлпарын тапсырған қазақстандықтарға 10 млрд теңгеден астам қаражат аударылған. Жаңа өзгерістер жайында Almaty.tv тілшісіне Алматы қаласы мен облысы бойынша утилизация жасайтын «ӨКМ операторы» ЖШС-нің аймақтық менеджері Нұрақын КУЛИБЕКОВ айтып берген еді.