|
19.08.2019 | 14:52
8269

Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының 65 жылдығы тойланды

«Шымбұлақ» жыл сайын 400 мыңнан аса адамды қабылдайды

Алматыда  «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының 65 жылдығы тойланды Almaty.tv

Бүгін «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында адам өте көп. Ол тегіннен тегін емес. Өйткені Шымбұлақ 65 жасқа толып отыр. Егер алғашқы жылдар мен қазіргі уақытты салыстырсақ, бұл жердегі өзгерістер жер мен көктей деуге болады. Биылғы жаң маусымда да келушілерді тосын сый күтіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымбұлақтың мерейтойын ұйымдастырушылар қызықты етіп өткізуге тырысқан. Келушілер үшін күні бойы «Дәмді Шымбұлақ» фестивалі ұйымдастырылып, өнер жұлдыздарының әнін тыңдап, балалар үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Ұзын-сонар кезекте тұрған алматылықтар мен қала қонақтарының әрқайсысы сабырлық танытып, мерекелік шараның қатысушы болуға тырысты.  

«Осында барша Қазақ елінен, шетелден келіп тамашалады. Қазақстанның бұл керемет жері әрі қарай дами берсін», – деді қатысушылардың бірі.

«Алматы тұрғындарын, қонақтарын Шымбұлақтың 65 жылдығымен құттықтаймын. Шымбұлақ дамып, көркейе берсін», деді келесі бірі.

Алматының көрікті жері саналатын бұл спорт кешенінің тарихы 65 жылдан көп дейді нысан әкімшілігі. Айшықты дата тек спорт кешенінде алғашқы жылжымалы бағанның салынуымен байланысты екен. Биылғы қысқы маусымда келушілер үшін көптеген тосын сый болады. Бірақ курорт әкімшілігі оны құпия сақтап отыр.

«Бүгінде Шымбұлақ қанша тырысса да келушілерді қабылдап үлгермей жатыр. Бұл алматылықтар мен қала қонақтарының осы спорт түріне қызығушылығының артқанының дәлелі. Жыл сайын орта есеппен келушілер 12 пайызға артуда. Сондықтан, Алматы маңындағы бәсекеге қабілетті өзге тау-шаңғы курорттарын бұдан да әрі дамытамыз», – деді «ШЫМБҰЛАҚ» тау-шаңғы курортының бас директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.

«Шымбұлақ» жыл сайын 400 мыңнан аса адамды қабылдайды. Жыл сайын бұл көрсеткіш орта есеппен 100 мың адамға көбейіп келеді. Іле Алатау шатқалында теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан спорт кешені әрқашан сұранысқа ие болары сөзсіз.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир