Түрген шатқалында туристер үшін жаңа визит-орталық ашылды

 Almaty.tv
Almaty.tv
Оған Вице-премьер Ералы Тоғжанов қатысып, орталықтың жұмысымен танысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жыл соңына дейін ұлттық парктерге келушілер санын 1 миллион 600 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады. Бүгінде ішкі туризмді дамыту үшін визит-орталықтар көптеп салынып жатыр. Соның бірі Түрген шатқалында ашылды. Оған Вице-премьер Ералы Тоғжанов қатысып, орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді Түрген шатқалына келушілер табиғат сырына үңіліп, пайдалы ақпар ала алады. Кәсіби мамандардан жасақталған орталық қазірден-ақ туристерге көмек көрсетуге дайын. Мұнда дәріс залынан бастап, кәдесый дүкеніне дейін бар. Осы орайда ҚР вице-премьер Ералы Тоғжанов Алматы өңірін экотуризмді дамытудың негізгі бағыты екенін атап өтті.  

«Ашылып жатқан осындай объектілер халқымыздың игілігіне бағытталатынына ешқандай күмән жоқ. Осыған тікелей атсалысып жатқан азаматтардың бәріне рақмет айтуға рұқсат етіңіздер», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Визит-орталық қаладан 80 шақырым жерде орналасқан. Мұнда туристерден бөлек мектеп оқушылары мен жастар үшін арнайы сабақтар, экскурсиялар өткізіледі. Кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған жобаға әзірге 300 миллион теңге жұмсалыпты.

«Ішкі жұмысына, құрылысына байланысты функционалдық түрде визит орталықтың негізгі мақсаты адамдарды, азаматтарды ақпараттандыру. Сондай-ақ кеңес беріп, басқа жақтан көмек көрсету», – деді «Qazaqgeography» РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев.

Сондай-ақ туристер орталық аумағында «Қайрақты» сарқырамасы мен «Шынтүрген» шырша ормандарын, Сиверс алмасының табиғи резерваты мен басқа да көрікті жерлерді тамашалай алады. Мамандар жыл соңына елімізге 700 мыңға жуық саяхатшы келеді деп күтіп отыр. Ол үшін 28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынастар қалпына келтірілген.    

«Орталықтың негізгі мақсаты экологиялық мәдениетті халыққа таныстырып қалыптастыру. Сол себепті бұл орталықта ақпарат беріледі», – деді визит-орталықтың әкімшісі Ақбөпе Көкенова.

Жақын арада мұндай визит-орталықтар Алтынемел мен Шарын ұлттық парктерінде ашылмақ. Онда арнайы кэмпинг және глэмпинг аймақтары болады деп жоспарлануда.

Мерей Қанапиянов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров