Үлкен Алматы көлінде мәнерлеп сырғанауымен көзге түскен Ксения Панкратова Көлсайдағы Қайыңды көлінде сырғанап, ролик түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл видео бойжеткеннің Instagram парақшасында жарияланды.
«Қайыңды көлінің ғажайып сұлулығы! Суық! Аяқ астында тырсылдап жарылған мұз. Бұл шынайы табиғат үні», - деп жазды бойжеткен видеоға түсініктеме ретінде.
Бұл жолы да Ксения қауіпті жағдайда сырғанаған. Түсірілім кезінде мұз еріп, сықырлап жарылып жатқан. Бұл жолы спортшы қызға қалалық туристік орталық тапсырыс берген.
Туристік орталық осы видео арқылы Қазақстанның туристік мүмкіндігін арттыра түспек.
Айта кету керек, алматылық мәнерлеп сырғанаушы, бапкер Ксения Панкратова Үлкен Алматы көлінде конькимен сырғанап видео түсірген болатын. Вирусты бейнеролик әлеуметтік желіде тарап кетті. Бұл бейнероликті 2 апта ішінде 1 миллион адам тамашалаған. Сонымен қатар, жақында бойжеткен Ресейдің «Первый канал» арнасының «Видели видео» бағдарламасында қонақта болды.
Бағдарлама қонақтары да сұхбат үстінде бойжеткеннің таланты мен Қазақстанның табиғатына тамсанумен болды.
«Видеоға қарап не айтуға болады? Әртістік - 10, техника - 10, 1 миллион адам қараған», - деді видеоны тамашалаған соң жүргізуші.