Енді Алматы қаласындағы киелі жерлерді 2ГИС-тен табуға болады

11.02.2020 22:18

Алдағы 3 жылда барлық 680 орын инфрақұрылыммен бекітіп, оларға тиісті экскурсия жетекшілері дайындалатын болады

Almaty.tv

Қосымшаның көмегімен «Тәуелсіздік» монументі, Ахмет Байтұрсынов мұражай-үйі сияқты сакралды нысандарды қиналмай табуға мүмкіндік туып отыр. Керек жердің атын жазып не құпия сөз енгізсеңіз болғаны. Мұндай жаңашылдыққа «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты мен «2ГИС» компаниясының арасындағы меморандум аясында қол жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы шеңберінде екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатта бекітілген нысандардың жалпы саны 680 болса, бүгінде олардың 170-і 2ГИС картасына енді.  

«Қазіргі тұрғыда 281 нысан инфрақұрылыммен қамтылған. Сонымен қатар, біз 2ГИС компаниясымен келісіп, халыққа, келген қонақтарға ыңғайлы болу үшін, 2ГИС картасына салып, әр кезде телефон арқылы тауып алатындай жағдай жасауға келісім-шартқа отырдық», – деді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Кемелбек ОЙШЫБАЕВ.

Алматының киелі жерлері мен көрікті орындарын енді 2Гис қосымшасынан табу оңайға соғады. Бұл «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында жүзеге асты. Енді еліміздің ірі қалаларының тұрғындары «Боралдай сақ қораны», «Райымбек батыр» кесенесі секілді қасиетті жерлерге еш кедергісіз қатынай алады.

Алматының 15 киелі жері картаға енгізіліп, ол жерде табиғи, тарихи және өзге де маңызды нысандар жөнінде ақпарат жарияланып отыр. 2019 жылдың қараша айында мұндай жұмыстар Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілсе, бүгін бірқатар нысандар 2ГИС Алматы картасына енгізілді.

«Қазірдің өзінде 2ГИС арқылы Алматыдағы 15 киелі нысанның бағытын анықтауға болады. 1 жылдың ішінде Алматы облысында орналасқан қасиетті орындарды да картаға салу жоспарланып отыр. Қазір бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Керек нысанды атымен де, құпия сөзбен де табуға болады», - деді «2ГИС АЛМАТЫ» ЖШС директоры Ефим ОСИПОВ.

Алдағы 3 жылда барлық 680 орын инфрақұрылыммен бекітіп, оларға тиісті экскурсия жетекшілері дайындалатын болады.

Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы