Шарын шатқалында енді туристерді кемпингтер, глэмпингтер және этноауыл мен эко-қонақ үйлерде қабылдауы мүмкін. Әлемге әйгілі шатқал туристер қызығатындай түрленіп, осындай қызмет түрлері пайда болмақ. Бұған арнайы қоғамдық кеңес те құрылды. Құрамына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары, эко белсенділер және табиғат жанашырлары кірген. Кеңес мүшелері ұлттық парк аумағында салынатын нысандармен танысып, тұжырымдаманы талқылады. Кейін қай ғимарат қайда салынатынын өз көздерімен көріп қайтқан еді. Арнайы ұйымдастырған пресс-турда біз де бармыз. Шарын шатқалындағы экотуризм қалай дамымақ? Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Шарын шатқалына қош келдіңіздер! Болашақта мұнда визит орталық салынбақ. Яғни осында келген адам қай нысан қай жерде тұрғанын біле алады. Ал сәл әрірек велосипедті жалға алу қызметі орнатылады. Қос дөңгелекті көлікке мініп, кез келген адам сапарын жалғастыра беруіне болады.
Шатқалды жаяу жүріп аралаймын дегендерге де жағдай жасалған. Жоспар бойынша 4 жүргінші жолағы болмақ. Сондай-ақ, 100 адамға арналған түнейтін орындар мен этноауыл салынады. Медициналық пунк, балалар ойын алаңы мен 5 дәретхана салынбақ.
Бұл жер Шарын шатқалын көру алаңы. Шынымен де, шатқал мына жерден керемет көрінеді. Шарын ұлттық парк директорының сөзінше дәл осы жерге 30-40 адам сиятын ғимарат салынады. Ол толықтай әйнектен жасалады екен. Шарын шатқалының төбесіне тура осындай 3 нысан тұрғызылады. Олардың арақашықтығы шамамен 300 метрден асады екен.
Парк аумағында күрделі құрылыс жүрмейді, нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Осылайша қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, сапалы қызмет ұсынатын бірегей туристік өнім жасауға мүмкіндік туады дейді бастамашылар.
«Көптеген кісілердің қойып жатқан талабы осы табиғатқа зияны келмесе екен. Осы экотуризмді дамытамыз деп, табиғатымыздан айырылып қалмайық деген үлкен бір алаңдатып отыр қауымды», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Шарынның сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қырдағы тастар құдды бір адам қолымен әдейі қашалып жасалған секілді. Бастамашылардың сөзінше құрылыстың барлығы төбеде тұрғызылады. Оның өзі қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін материалдан салынуы міндет. Ол инвесторларға қойылатын басты талап. Ал шатқалдың ортасы осы күйінде сақталуы тиіс. Яғни, ұлттық парк туристер қызығатындай түрленгенімен, табиғи келбетін жоғалтпауы керек. Бұл тұжырымдамадағы басты бөлім.
Шарын ұлттық табиғи паркін дамытуды мойнына алған инвесторға барлық жоба жүктеледі. Яғни, ол өзіне қажетті шағын мекемелерді қоластына алып жұмыс істесе де рұқсат етіледі. Бірақ мемлекет бар жауапкершілікті негізгі инвесторға жүктейді.
«Өздеріңіз білесіздер, жобаның ішінде бірнеше құрылыс бар. Бірақ капиталдық құрылыс неге зияны келтіретін құрылыс ол, әрине, жоба болуы керек. Оған экология қорытынды болуы керек. Ол экологиялық талаптарға сай болуы керек. Оны біз мониторинг жасаймыз, оны біз бақылаймыз», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы Зұлпыхар Жолдасов.
Былтыр Шарын шатқалындағы табиғи ескерткіштерді тамашалауға 20 мыңнан астам турист барса, оның 8 мыңнан көбі шетелдік қонақтар болған. Өкініштісі, туристер көп баратын көрікті мекенде тынығушыларға қолайлы жағдай жасалмаған. Мәселен, тамақтану орындары жоқ, дәретханалар тапшы, түнейтін адамдарға арналған жатын орындар жайлы емес. Енді жаңа жоба бойынша барлығы өзгермек.
Жобаның жалпы құны – шамамен 1 млрд 200 млн теңге. Осыншама қаржы салған инвестор көрікті мекеннің белгілі аумағы бойынша туризмді дамыту жағынан басқара алады. Яғни, кәсіпкерге жер жалға берілмейді, тек 49 жылға дейін бизнесін дөңгелету үшін уақытша пайдалана алады. Егер ол табиғатқа қандай да бір зиян келтіріп, өз міндеттерін орындамаса, мемлекет кәсіпкермен кез келген уақытта келісімшартты бұзады. Ал жоба сәтті жүзеге асып жатса, 2025 жылға дейін Шарын шатқалына келушілердің саны 180 мыңға дейін артады деген болжам бар.
Өмір Ануарбек, «Алматы» арнасы