Пойыз құрамында Дінмұхамед Қонаевтың вагоны бар
2020 жылға дейін Түркістан қаласында тағы 16 туристік нысан бой көтермек деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Олардың қатарында музыкалық су бұрқақ, Vizit-орталығы мен ашық аспан астындағы музей бар.
Киелі шаһарға енді алматылықтар да қиындықсыз қатынай бастады. Жуырда ғана Түркістан-Алматы бағытында туристік пойыз қатынай бастаған болатын. Теміржол көлігі Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтады.
Бұл поезда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қызметтік вагоны да бар. Оны мұражай деп айтуға болады. Онда ұлтымыздың біртуар перзенті пайдаланған жиһазы да сақталған. Бөлме төріне портреті ілініп қойылған. Қонақжай бөлмеде қолданған телефоны тұр. Мұнда жолаушы үшін барлық жағдай жасалған. Оны тағы да дөңгелекті қонақ үй деп те атайды. Барлығы атауына сай. Яғни қонақжай, асхана және жуынатын бөлмесі бар.
«Билет құны кәдімгі поезд билеттерінен 20-30 пайызға қымбатырақ. Жолаушыға тиімді тұсы қонақ үйге қаржы жұмсамайды. Осы арқылы ақша үнемдейді. Туристік пойыздың ең үлкен артықшылығы сол. Кеңес одағы тұсында мұндай пойыздар кең таралған. Бүкіл одақ елдерін жұрштылық сонымен аралайтын болған. Қажет болса, біздің компания туристік сапар дайындайды», – дейді «Тұран экспресс» жолаушылар компаниясы» ЖШС бас директоры Роман БОТАБЕКОВ.
Киелі мекенде аралауға болатын тарихи-мәдени орындар жетерлік. Аппақ ишан мешіті шежіреге бай Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан. Ол бұқаралық сәулетшілердің жобасы бойынша салынған. Іргетасы сонау 1840 жылы қаланған. Құрылысын Қосым Ишан бастап, ұлы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ Ишан аяқтаған. Дін орталығы медресе қызметін атқарған. Мұнда тәлім алу үшін жан-жақтан талапкерлер келеді.
Ел аузында киелі аталып кеткен Ақмешіт үңгірі болса, Бәйдібек ауданындағы Кеңестөбе ауылынан 5 шақырымдық жерде. Оның тереңдігі 12 метр. Аумағы 1 гектардан аса жерді алып жатыр. Үңгірдегі ерекше көрініс келушілерді бірден таңқалдырады. Іші қоңыр салқын. Қысы-жазы бір температура +18, 20 градус жылы болады, өзгермейді. Қауіпсіздік мақсатында арнайы бас киім қойып қойған. Ғалымдар бұл орынның тылсым күші бар екенін дәлелдепті. Адам ағзасына оң әсер етіп, жағымсыз энергетикадан тазартады. Құстардың сыңғырлаған үні алыстан баурап алады. Құдды экзотикалық мекенге тап болғандай күй кешесіз.
«Үңгірдің пайда болуы туралы түрлі аңыз-деректер айтылады. Ал ғылыми нақты тұжырым әлі нақты жасалған жоқ. Бұл географиялық процесстің арқасында пайда болған деп топшылаймыз. Үңгірдің тастары энеолит дәуірінде пайда болған әк тастан тұрады. Үңгір ішінде тамшылап тұрған сулар – қардың, жаңбырдың сүзінді сулары», – дейді Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Тарихи-табиғи мұраны қорғау орталығының маманы Әбдіразақ МӘУЛЕНОВ.
«Қысқаша айтса, бәрі керемет! Сұлулығына да сөз жоқ. Бұл жерле табиғатпен бер ерекше байланысты сезінесіз. Құстардың сайрағаны, бәрі жанға рахат сыйлайды», – дейді туристердің бірі Анна КАН.
Баптардың бабы Арыстан баб кесенесі – Отырар ауданындағы ең көне орындардың бірі. Қожа Ахмет Яссауидің ұстазының кесенесін ұлы қолбасшы Әмір Темір ХІV ғасырдың соңында салдырған. Мұнда зиярат етіп келушілердің саны шексіз. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи ғимаратқа жолдан өткен жанның барлығы бір тоқтап кетеді.
«Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауи бабамызға Шымкенттің ар жағында Сайрам елді-мекенінде кездесіп, Алланың қалауымен аманат берген. Сөйтіп Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы ұстазы, Қожа Ахмет Ясауи шәкірті болып біздің осы Оңтүстік өңірде Исламды насихаттап дін уағыздап жүргізген. Осы Түркістан өңірінде дүние салып, өзінің аманаты бойынша ХІІ ғасырдың кезінде осы түйенің шөккен жеріне жерленген деседі», – дейді Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы Нұржан ЗИЯҰЛЫ.
Туристердің арасында ең танымал орындардың бірі – Әзірет Сұлтан қорық мұражайы. Шетелдіктерді 7 ғасырдан астам тарихы бар орынның сәулеттік ерекшелігі сүйсіндіреді. Көбіне мұнда Өзбекстан, Түркия, Ресей, Голландия, Франция сынды елдерден келушілердің қарасы қалың. Кесене ЮНЕСКО-ның қорғауында. Онда қадам басқан сәтте ортасында орын тапқан тайқазан көпшіліктің көзіне түседі. Оның салмағы - 2 тонна, сыйымдылығы - 3 мың литр, құрамында 7 түрлі металл бар. Сыртқы бөлігі өрнектелуі жа¬ғынан бес бөліктен тұрады.
«Өкінішке қарай, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ХІІ ғасырдағы өзінің құлпыстасы сақталынбаған. Ал қабірхана бөлмесінде құлпытасты ХІV ғасырдың аяғында Әмір Темір арнайы Үндістаннан алдыртқан. Құлпытас аса бағалы ақшыл жасыл түсті нефрит тасынан жасалынған. Және де мына Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі тек қазақ халқының емес түркі әлемінің қасиетті пантеоны болып саналады», – дейді «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің экскурсия жетекшісі Әсем ОРЫНБЕКОВА.
Еліміздің тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы өмірімен танысамын деушілер оның мұражайына баруына болады. Мұнда көпшілік назарына орасан күш иесінің жеке пайдаланған заттары ұсынылған. Жалпы 4 мыңға жуық экспонат қойылған.
«Көбіне суреттер сол шетелде жүргенде түсірілген. Видеороликтер де сондай. Елге келген кезде фототехнология дамымағандықтан өте суреттері тым аз. Деректер өте аз. Бірақ көзі көрген қариялар көптеген деректер ауызекі жинақталған. Көбіне шетелден келген әдебиеттерден алынған фотосуреттер және бұл кісінің ұстанған, тұтынған заттары өзінің қара шаңырақтарынан. Ұрпақтарының қолынан», – дейді Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің таныстырушысы Меруерт ЕСКЕРМЕС.
Түркістан облысында тарихи-мәдени және танымдық бағыттағы 57 туристік бағыт әзірленген. Туризм саласын жүйелеп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін Италия және Ресейден сарапшылар шақыртылмақ. Ескерткіштерді цифрландыру және нысандарды аудиогидпен қамту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Осы 2019 жылы 16 сервис көрсету орындарын ұлттық стандартқа сәйкестендіруді жоспарлап отырмыз. 76 шақырым осы туристік нысандарға баратын жолдарды, орташа және күрделі жөндеуден өткізуге жоспарлап отырмыз. Онымен қоса біз осы министрлікпен бірлесіп Арыстанбаб кесенесін, Отырар қалашығы алдында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соынмен қатар осы Сауран, Гауһар ана, Ордабасы қорық мұражайы алдында туристерді қабылдау үйінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр», – дейді Түркістан облысы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының м.а. Жасұлан ТӨЛЕБЕКОВ.
Алдағы уақытта Түркістан облысында жаңа әуежай, автобекет және темір жол вокзалы салынады. Сондай-ақ саяхатшылардың басым бөлігі көрші Өзбекстаннан келетінін ескеріп, Ташкент-Түркістан бағытында жүрдек пойыз іске қосылмақ.
Перизат КӨМЕКБАЙҚЫЗЫ.