2024 жылы «Балқаш» туристік демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға 2,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Республикалық бюджет комиссиясының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімімен 2024 жылғы жобаны іске асыруды бастауға 2,2 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу қолдау тапты. Жалпы, жобалау-сметалық құжаттамада сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау құрылыстарын, автокөлік жолын, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар мен су тазарту станциясын салу көзделген, - деді Әлихан Смайылов жауабында.
Үкімет басшысының айтуынша, 2020 жылдан бастап, еліміздегі 50 танымал туристік бағытқа түгендеу жүргізіліп жатыр. Маршруттардың жалпы ұзындығы 7 500 шақырымды құрайды. Онда 584 санитариялық-гигиеналық торап, 239 тамақтану пункті, туристер қызығушылық білдірген 244 нысан, 243 автожанармай құю станциясы, 132 орналастыру орыны, 57 вокзал, сондай-ақ 173 санаторий-курорттық нысан және 202 балалар мен жасөспірімдер туризмі нысаны қамтылды.
- Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша жазғы және қысқы бағыттар каталогы, сондай-ақ 29 бағыт кіретін Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігі жасалды. Қазіргі уақытта 83 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда, - деді Премьер-Министр.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында судағы қауіпсіздікке жауапты полициясы бөлімі құрыла ма