1 млн турист келеді: Алматыда «Сақтар мәдениеті» көрмесі мен «Батырлар» мемориалдық кешені салынуда

1 млн турист келеді: Алматыда «Сақтар мәдениеті» көрмесі мен «Батырлар» мемориалдық кешені салынуда
Былтыр мегаполиске шетелден 365 мың турист қыдырып келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда ашық аспан астындағы «Сақтар мәдениеті» көрмесінің құрылысы басталады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Сондай-ақ, «Батырлар» мемориалдық кешені де бой көтереді. Қос нысан қолданысқа берілген соң, мұнда 1 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде.

Қазақстанға аяқ басқан әрбір екінші шетелдік турист Алматы қаласына келеді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, алып шаһарға 1 миллионнан астам адам қонақ болған. Олардың 365 мыңы шетелдік турист. Алма шаһарын аралап, мұндағы сұлулықты өз көзімен көруге әсіресе Ресей, Қырғыз, Қытай, Үндістан және Түркия елінің азаматтары ынтық екен.

«Алматыда туристерді қызықтыратын дүние көп. Мәселен, Алматыда жыл сайын 50-ден астам оқиғалық іс-шара өтеді. Оның ішінде халықаралық джаз фестивалі, халықаралық кинофестивалі, Алматы марафоны. Тек сол Алматы марафонынының өзіне биыл 17 мың адам қатысты. Біз үшін бұл – өте үлкен көрсеткіш», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Бауыржан БІРБАЕВ.

Туристер нөпірін көбейту үшін биыл қалада «Сақтар мәдениеті» көрмесінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, «Батырлар» мемориалдық кешені де бой көтереді. Райымбек батыр кесенесінің маңында тұрғызылатын бұл музейде қазақтың хас батырларының қару-жарақтары, қолданған бұйымдары топтастырылады.

«Бұл орталықтарға ашылған сәттен бастап 1 млн-нан астам адам келеді деген болжам бар. Жалпы, Алматыға келетін туристерді қаланың мың жылдық тарихы мен көшпенділер мәдениеті», - деді Бауыржан БІРБАЕВ.

Қолайлы табиғи-климаттық белдеуде орналасқан Алматының туристерді тартуға мүмкіндігі зор. Қалада қонақтар қызығатын экскурсиялық нысандар жетіп артылады. Саяхатшылар арасында әсіресе Шымбұлақ тау-шаңғы шатқалы танымал. Былтырғы маусымда онда 405 мыңнан астам адам барған. Сондай-ақ, туристер көп баратын тізімге Көктөбе саябағы мен Үлкен Алматы көлі де кіреді.

Алматыға жолы түскен туристердің ең көп баратын жері – Медеу шатқалы. Мұндағы тұмса табиғатты тамашалауға былтырғы маусымда 405 мыңнан астам адам келген екен. Олардың жартысына жуығы шетелдік қонақтар көрінеді. Қазірдің өзінде өзге мемлекеттің адамдары сағат сайын мұнда ағылып жатыр.

«Мен Алматыға бірінші рет келдім. Таудың сұлулығына көзім тоймай тұр. Ауасы таза, табиғаты қандай тамаша! Өзім Үндістанның еңбек сіңірген сәулетшісімін. Маман ретінде қаланың сәулетіне ерекше назар аудардым. Қала өте жайлы, көрікті екен», – дейді туристердің бірі.

Ал, Аргентинадан келген өзге турист өзіне Алматының таулары қатты ұнағанын айтады. Ол қалаға алғаш рет келіп отыр екен. Өздерінде ондай сұлулық болмаған соң, қатты сүйсінгенін және қалада әлі 9 күн болатынын айтады.

Мәскеуден келген саяхатшылардың бірі Алматыдағы бағалардың Ресейдікінен 2-3 есе арзан екенін айтады.

«Мәскеу тұрғынымын, Алматыға 18 мамырда келіп, қаланы армансыз араладым. Адамдары мейірімді екен, ал баға бізден 2-3 есе арзан. Ең таң қалғаным, мұндағы тыныштық. Мәскеуден тыныштық таппайсың. Тауға шығу үшін 3-4 сағат жүресің. Ал мұнда 20 минуттан соң табиғаттың тыныштығына енесің», – дейді Ресейден келген турист.

Алматыны туризм орталығы ретінде шетелде жарнамалау үшін соңғы үш жылда сала мамандары әлемнің көш бастаған қалаларындағы туристік көрмелерге қатысты. Әрі танымал интернет порталдарына да мыңжылдық шаһар жайлы ақпарттар таратты.

«Әлемдегі ең ірі портал tripadvisor-мен Алматы қаласы 3 жыл бойы жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстың арқасында біздің Алматының микросайтына кірушілердің саны 300 есеге өсті. Яғни 350 мыңнан астам адам Алматы қаласының микросайтына кіріп танысты», – дейді Алматы қаласы туризм басқармасының бөлім басшысы Аслан ҚОҢЫРХАНОВ.

Келген қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға елімізде құрылған туристік полиция да оң әсерін тигізбек. Қазір Алматыдағы саяхатшылар көп серуендейтін Тұңғыш Президент және Көктөбе саябағына, Республика алаңы мен Медеу шатқалының маңында мұндай 20 полицей қызмет етуде. Ағылшынша сайрап тұрған сақшылар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көмек қолын созуға сақадай сай.  

«Біз орналасқан жерлерде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, туристерге заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларға құқықтық көмек көрсету сондай-ақ әдістемелік көмек көрсетеміз», – дейді Алматы қаласы ПД Туристік полиция қызметінің инспекторы Арайлым ЖЕҢІС.

Саяхатшылардың артуы қалада жоғары санаттағы қонақүйлер мен мейрамханалардың көбеюіне де ықпал етіп отыр. Бүгінде Алматыда 286 жайғастыру орны қызмет көрсетуде. Осы жылы тағы әлемдік бренд «Кемпинский» және «Хилтон» қонақүйлері ашылмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров