Алматының маңызды ғимараттары мен ескерткіштеріне QR-кодтар орнатылады. Сол арқылы қала қонақтары нысан туралы бар ақпаратқа қанық болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алып шаһарға жыл сайын жарты миллионға жуық турист келеді екен. Олардың 40 пайыздан астамы шетелдіктер. Саяхатшылардың артуы қалада жоғары санаттағы қонақүйлер мен мейрамханалардың көбеюіне де ықпал етіп отыр. Шетелдік меймандардың Алматыға қызығушылығы артқанын байқаған инвесторлар биыл шаһарда халықаралық талапқа сай 3 қонақүй ашпақшы.
Алматыға келетін туристердің саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы шаһарға жарты миллонға жуық қонақ келсе, олардың 40 пайыздан астамы шетелдіктер. Саяхатшылардың көшін іргедегі Ресей тұрғындары бастаса, әрмен қарай Қытай, Иран және Үндістан елінің азаматтары жалғайды. Биыл туризм саласын дамытуға сандық технологияларды көптеп қолдану жоспарланып отыр. Шетелдік меймандар көп баратын қаладағы маңызды 33 ғимаратқа жуықта QR-код орнатылады. Осылайша туристер гидтің көмегінсіз-ақ нысан туралы ақпаратты 4 тілдегі аудиомен тыңдай алады.
«Шетелдіктерді Алматы қаласында ең бірінші қызықтыратыны – тамаша табиғат. Алматы маңайында 5 ұлттық парк бар. Қалаға келген турист 3 сағаттық жолға шығып, шөл даланы да, биік тауды да, сұлулығы көз тартар Көлсайды да тамашалай алады. Бізде этнотуризм мен іскерлік туризм жақсы дамыған. Қалада халықаралық конференциялар өткізіліп, бизнес-іскерлік кездесулер көптеп ұйымдастырылады», – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының бөлім басшысы Аслан ҚОҢЫРХАНОВ.
Саяхатшылардың артуы қалада жоғары санаттағы қонақүйлер мен мейрамханалардың көбеюіне де ықпал етіп отыр. Бүгінде Алматыда 265 тұрақжай болса, олардың бесеуі – бесжұлдызды қонақүй. Оларға келетін күнделікті қонақтардың 40 пайызын саяхатшылар құрайды. Шетелдік туристердің Алматыға қызығушылығы артқанын байқаған инвесторлар биыл шаһарда халықаралық талапқа сай, әлемдік брендтегі 3 қонақүй ашпақшы.
«Алматы қаласына келетін туристердің 40 пайызы қонақүй, мейрамханалар түседі. Өйткені, ол жерлерде бар жағдай жасалған. Сондықтан бұл саланы ары қарай дамыту керек деп ойлаймын. Себебі, сұраныс бар. Статистикалық мәліметтер бойынша оны жақсылап қарауға да болады. Бесжұлдызды мейманханалардың толымы күніне шамамен, 40-41 пайыз», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Рима ЕРКІНБЕКОВА.
Бизнес туризмге жасалған ыңғайлы жағдайларды француз компаниясы тиімді пайдаланып үлгерген. Инвесторлар Алматының көрікті жерлерін тамашалауға келетін туристердің көптігін көрген бойда, қаладан қонақүй ашуды ұйғарыпты. Көктөбе аспалы жолының тура алдында орналасқан жаңа мейманхана төртжұлдызды санатқа жатады. 190 орынды қонақүйдің орташа бағасы 40 мың теңге болса, 16 жасқа дейінгі балалардан мұнда ақы алынбайды. Мекеменің сапасын шаһар басшысы аралап көрді. Түгелдей отандық жиһазбен жабдықталған қонақүй келер айда ресми түрде жұмысын бастамақ.
«Біздің қонақүй бизнес-саяхатшылар үшін ғана емес, сонымен бірге, отбасымен саяхаттаушылар үшін де қолжетімді, әмбебап бренд болады. Себебі, бізде балалар мәзірі, балалар ойын алаңы, бассейн, сондай-ақ интерактивті тақта бар. Өз қонақтарымыз үшін Көктөбенің аспалы жолына 50% жеңілдік ұсынамыз», – деді сату бөлімінің басшысы Камелия ДОСМАҒАНБЕТОВА.
Алдағы екі жылда Алматыда бас-аяғы 18 қонақ үй ашу жоспарланып отыр. Оған үш мыңнан астам турист қоныстанады деп күтілуде.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы