|
24.01.2019 | 18:41
49134

Алматы маңындағы ақылы жолдар айына 120 млн теңге табыс әкелмек

Алматы маңындағы ақылы жолдар айына 120 млн теңге табыс әкелмек

Теңгесі төленбеген темір тұлпар тас жолға жіберілмейді. Осы сенбіден бастап үш бағытта қозғалатын жолдардан міндетті төлемақы алынады. Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас тас жолдарының тарифтері бекітілді. Ауыр жүк көліктерінен алынатын ақының көлемі он мың теңгеден асып кетеді. «Қазавтожол» акционерлік қоғамының басшылары Қапшағай – Талдықорған арасына да келер жылы төлем терминалын орнатпақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қаладан Қапшағай бағытына шыққан көліктер кедергісіз өтіп жатса, қайтқан машиналарға төлем жасап өтетін 12 шлагбаум қойылған. Олардың екеуі КамАЗ, ірі автобустарға, тағы екі жолақ ақысы алдын ала төленген машиналарға арналса, қалған сегіз терминал қолма қол ақша беретін жүргізушілер үшін жасалған.

«Жеңіл көлік, ауыр көлік деп бөлінеді. Өйткені, жеңіл көліктер төмен орналасқан. Жүргізуші көліктен түспей төлей берсе болады. Қолма-қол ақшамен, темір ақшалармен, картамен де төлесе болады. Төлем кезінде бір мәселе туындап жатса, арнайы нүктені басу арқылы тікелей оператормен байланысқа шығуға болады», – деді «Қазавтожол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Мәулен ӘЛІПОВ.

Жеңіл машиналар үшін Қорғас бағытының әр шақырымы 1 теңге болса, Қапшағай арасы 1,5 теңгеден есептелген. Терминалда тоқтамай әрі тарифті екі есе арзан төлеу үшін қызметтің 12 түрі ұсынылыпты. Ал жолдың бойында тұратын халық көлігінің техникалық паспортын көрсету арқылы бір жылға құны 1 мың теңге тұратын абономенттік карта сатып ала алады.

Алматы – Қапшағай жолы арқылы тәулігіне орташа есеппен, 20 мың көлік өтеді екен. Жеңіл көліктің бір бағыттағы ең төменгі төлемі – 200 теңге.  Ақылы жол арқылы «Қазавтожол» АҚ-на күніне 4, айына 120 миллион теңге түседі екен. Ал 10 мың теңгеге дейін ақы алынатын ауыр жүк көліктерінің көп жүретінін ескерсек, жылдық түсім 1 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс.

Астана – Щучинск ақылы күре жолынан былтыр 1 млрд 539 млн теңге жиналған. Түскен қаржы жолдың күтімі мен өзгеде шығындарына жұмсалады, есесіне, бюджетке алақан жаюдан ада боламыз дейді басшылар. 12 терминалы бар бекетті салып, жүйені жүзеге асыруға 1,3 миллиард теңге кетіпті.

«Алматы – Қапшағай жолының 25 км-ден 67 км-ге дейінгі аралықты құрайды. Оның ортасында 52 км бақылау аркасы орналасқан. Ал Алматы – Қорғас бойынша басында төлем пункті және соңында төлем пункті тұр. Ортасында бес бақылау аркасы бар. Сол бақылау аркалары түсіріп отырады. Ақшасы жоқ болып қалып, төлей алмаған жағдайда, сол орында акті жасалады. Сол акті бойынша көлік жіберіледі немесе келесі келгенде төлейді. Немесе үйіне хаттама жіберіледі», – деді Мәулен ӘЛІПОВ.

Жедел жәрдем, Төтенше жағдайлар және әскери көліктер төлемнен босатылады. Басшылар жолаушы тасып табыс табатын автобустардан да ақы алынбайды деді. Әзірге тас жолға шыққан техникалардың нөмірін тіркейтін бақылау бекеттері алдағы уақытта жылдамдықты анықтау жүйесіне де қосылмақ. Ал келер жылы ақылы аймақ Талдықорғанға дейінгі аралықты қамтымақ.


Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир