Шымбұлақ рекордтары: биыл қыста тау-шаңғы курортына 420 мың адам келген

Шымбұлақ рекордтары: биыл қыста тау-шаңғы курортына 420 мың адам келген
Биыл шаңғы тебу маусымы 6 айға созылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тауларына қызығушылар қаланың туризм саласын дамытуға да едәуір септігін тигізіп жатыр. Мәселен, 2018 жылы келген саяхатшылардың жалпы саны 1 миллионнан асып жығылса, биыл тау шаңғы курорты тарихындағы ең ұзақ маусым тіркелген. Ол алты айға созылды. Сондықтан қысқы сырғанақ маусымы аяқталуға жақын қалса да, Шымбұлаққа келушілер әлі толастаған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шаңғышылардың саны осы маусымда 120 мың адамды құрады. Өткен маусыммен салыстырғанда бұл спорт түріне қызығатындар артып келеді. Курортымыздың тарихында алғаш рет ең ұзақ маусым тіркелді. Ол – 6 ай. Кезеңнің ұзақтығына табиғи қар ғана емес, жасанды қар жасайтын жүйеміз де көмегін тигізді», – дейді «Шымбұлақ» ТШК басқарушы директоры Ринат ӘБДІРАХМАНОВ.

Мәліметтерге сенсек, былтыр Алматыға 1 миллионнан астам саяхатшы келіп, олардың үлесі 11 пайызға өскен. Оның 34 пайызы, яғни 365 мыңы шетелдіктер. Ал, биыл жыл басынан бері өзге мемлекеттен 116 мың саяхатшы келген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артық.

«Мен Нидерландыдан келдім. Жасым сексеннен асса да, шаңғы тебумен тұрақты түрде айналысамын. Алматының таулары туралы естіп, өз көзіммен көруге арнайы келдім», – дейді қарт турист.

Ал Польшадан келген туристер болса, қарындасы екеуінің Қазақстанға алғаш келіп тұрғандарын, алдымен Нұр-Сұлтанда, сосын Алматыға келгендерін айтады. Табиғаттың кереметтігі таң қалдырған олар бұл сапарды 6 ай бұрын жоспарлаған.

«Орталық Азияда алғаш рет болып тұрмын. Қаланың инфрақұрылымы, табиғаты қатты таң қалдырды. Біздің елде тауда сырғанап демалу үшін біршама уақыт жүруге тура келеді. Ал сіздерде қалаға тиіп тұр. Өте ыңғайлы екен», – дейді Германиядан келген қонақ.

Қай елдің туристері Алматыға келгенді жөн көреді? Алматы қаласының Туризм басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, алғашқы үштікте көрші мемлекеттер: Ресей, Қырғызстан және Қытай тұрса, төртінші орында – Үндістан, ал түркиялықтар бесінші орынға жайғасқан. Соңғы уақытта Оңтүстік Кореядан да келетін саяхатшылар саны біршама артыпты.

«Біз жүргізген сауалнамаға сәйкес, шетелден келетін саяхатшылардың дені тұмса табиғатымызды тамашалауға келеді. Оның ішінде этникалық және мәдени әсер алушылар да бар. Ал жақын аймақтардан, өзге өңірлерден бізге көбіне сауда-саттық жасау үшін келеді», – дейді «Visit almaty» туристік ақпараттық орталығының жетекшісі Әлия ЗАКИЕВА.

Жалпы, отандық туристеріміз үшін Шымбұлақ курорты – қаланың күйбең тірлігінен бір сәт арылатын таптырмас орын.

«Биыл Шымбұлақ кешенінің ұжымы жақсы жұмыс атқарды. Өз басым шаңғыда сырғанаумен айналысқаныма қуанамын. Бұл – барлығының қолы жете бермейтін мүмкіндік» - дейді отандасымыз.

Қонақтардың көбі таулардың биіктігі күш-қуат беретінін, қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт арылуға жақсы мүмкіндік екенін айтады.

12 мамырда Шымбұлақтағы «барқыт маусымы» ресми түрде жабылады. Алматылықтар мен қала қонақтары осы күні керемет мерекелік шараның куәгері бола алады. Бірақ тау-шаңғы курорты жұмысын жыл бойына тоқтатпайды.

«Келушілермізіге арнайы бағдарлама дайындадық. Жай ғана тауды тамашалап қоймай, олар түрлі шараларға қатыса алады. Мысалы парапланмен ұшуға, жаяу серуендеуге болады. Хайкинг, трэкингпен айналысып, жарға өрмелеп, жақсы демалуларына болады», – дейді «Шымбұлақ» ТШК басқарушы директоры Ринат ӘБДІРАХМАНОВ

Алматы әкімдігі қаланың туризм әлеуетін, оның ішінде тау кластерін дамыту үшін білек сыбана кірісіп кеткен. Дайын демалыс орындары жаңартылып, емін-еркін сырғанауға мүмкіндік беретін трассалар ұзартылуда. Өйткені 200 шақырымнан кем сырғанақ жолымен шетелдік демалушыларды қызықтыру өте қиын.

«Тау кластерін дамыту бойынша мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатыр. Дайын спорттық кешендерді, демалыс орындарын күрделі жөндеуден, жаңартудан өткізіп жатырмыз. Жаяу серуендеуге арналған жолдар да заманауи кейіпке енгізіліп жатса керек.  Мысалы былтыр 16 жолға көріктендіру жұмысын жүргізсек, биыл олардың ұзақтығын 200 шақырымнан асыруды жоспарлап отырмыз», – дейді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Міне, биылғы қысқы маусым осылай есте қалды. Мамандар биыл жазғы маусымда да саяхатшылар осылай ағылады деп болжап отыр.

Новости партнеров