Алматыға сырт мемлекеттен келген туристер саны екі жарым есеге артты. Әсем шаһарға бар-жоғы үш айда 22 мыңға жуық шетел азаматы ат басын бұрыпты. Олардың басым бөлігі жұмыс сапарымен не демалу үшін келсе, арасында еңбек етуге келген мигранттар да бар екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – еліміздің ең ірі туристік орталығы. Өткен жылғы статистикаға көз жүгіртсек, қалаға бір жыл ішінде 417 мың шетелдік келген. Олардың басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Үндістаннан екен. Арасында АҚШ, Франция, Италия елінің саяхатшылары да бар. Сала мамандарының айтуынша, Алматының сұлу көркі мен тауының саф ауасына қызығатындар көп.
«Туристер ең көп келетін жер Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе болып саналады. Көк базар, Орталық мешіт және «Вознесенск» соборын көруге қызығушылар да көп. Ал егер Алматы қаласының маңайына келетін болсақ, Көлсай, Шарын, Қайыңды және Есік көлдерін атауға болады. 2022 жылы Алматы қаласы туризм басқармасы шетелдік туристік көрмеге қатысты. Ол Дубай, Барселона, Сингапур, Париж қаласында өтті», – деді Туризм басқармасының бөлім маманы Мақпал Әбдіқадыр.
Қуантарлығы, Алматыға демалу үшін де, жұмыс сапарымен де ат басын бұратындар қатары жыл санап, артып келеді. Бүгінде туристер алып шаһарға асыға келіп, қимай қоштасады.
«Алматы – әлемдегі ең керемет қалалардың бірі. Мен жоғары оқу орнын осында бітірдім. Енді міне араға 22 жыл салып, сүйікті қалама қыдырып келдім. Күннен күнге жайнап, осы уақыт аралығында адам танымастай құлпырып кетіпті. Бүгін достарыммен қаланың әсем жерлерін аралауды жоспарлап қойдым», – деді турист Рихан Илахи (Үндістан).
«Алматыға жұмыс сапарымен келдік. Қалаға алғаш келуіміз емес. Осыған дейін де бірнеше рет болып, қайран қалған едік. Әркез келген сайын ауа райы тамаша болып тұрады. Кеше Шымбұлаққа барып, қарды көргенде, таңданысымызды жасыра алмадық. Алматының табиғаты керемет, тұрғындары жарқын жүзді», – деді турист Павел Владарский (Израиль).
«Алматыға заңды жолмен келіп-кететіндерден бөлек, көші-қон ережесін бұзатындар да бар» дейді қалалық Полиция департаменті. Мәселен, жыл басынан бері 6 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 1700-ден астамы шетел азаматтары. Күні кеше ғана полицейлер 19 азаматты автобусқа тиеп, Жібек жолы шекарасына дейін апарып тастаған екен. Оның 18-і Өзбекстанға, біреуі Тәжікстанға қайтарылды.
«Сот шешімі бойынша 200-ден аса шетел азаматтары елден шеттетілді. 365 азаматтың қолында құжаты болмағандықтан, арнайы қабылдап, тарату орталығына орналастырылды. Соттың шешімімен, бұл азаматтардың барлығы міндетті түрде елден шығарылады», – деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережесін бұзған 47 адам жазаға тартылыпты.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы