«Іле-Алатау» ұлттық саябағын туристік бағытта дамыту мақсатында 14 миллиард теңге бөлінбек

30.05.2020 00:31

Экотуризмді дамытудағы басты талап – экология зардап шекпеуі қажет

Almaty.tv

«Іле-Алатау» ұлттық саябағын туристік бағытта дамыту мақсатында 14 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, экологиялық туризмді жандандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба алдағы уақытта 3 миллиондай туристі қабылдамақ. Жалпы «Іле-Алатау» ұлттық саябағында тағы да қандай өзгерістер орын алмақ?

Таулы аймақтар мен жасыл желекті саябақтар  шетелдіктерді бұрыннан қызықтырады. Осыны басты назарға алған экология министрлігі туризмді дамытуда алғашқы қадамды Республикалық ұлттық саябақтардан бастамақ. АҚШ, Андорра, Австралия сынды бірқатар елдің халықаралық тәжірибесін зерттей келе, экологиялық негізгі принциптерді де айқындапты. Яғни, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жобасы халықаралық тәжірибе негізінде әзірленуде.

«Экотуризмді дамытудағы басты талап – экология зардап шекпеуі қажет. Яғни, бірде-бір тал кесілмейді. Біз құрылыс болады деген нысандар – ашық алаңдар. Сондай-ақ, 155 шақырымнан астам жаяу маршруттар жайластыру жоспарлануда. Жоба аралас салаларда жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерліктің дамуын және туризм саласындағы жоғары білікті кадрлардың өсуін қамтамасыз етеді. Инвестормен барлық жұмыстар қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асырылады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан НЫСАНБАЕВ.

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық ұлттық парктерінде инфрақұрылымның аса қажеттілігі байқалады дейді министрлік өкілдері. Осы мақсатта пилоттық жоба ретінде «Аю сай» шатқалы жасалмақ екен.

Үлкен Алматы көлінің төменгі жағында орналасқан бұл «Аю сай» шатқалы «Іле-Алатау» ұлттық саябағының 7 шақырым аумағын алып жатыр. Ал, мегаполистегі туризмді дамытуда алғашқы құрылыс жұмыстары осы шатқалдан бастау алмақ. Алдағы уақытта мұнда жолығу орталығы салынып, Алматының символы ретінде алма ағаштары отырғызылады. Сондай-ақ, тамақтану орыны мен кэмпингтер, білім беру орталығы және қарсы бетте көлік тұрағы болмақ.

Аталған жоспарды іске асыру шеңберінде Іле-Алатау паркінде заманауи медициналық пунктер, глэмпингтер, этно-ауылдар құру және маршруттар мен соқпақтарды абаттандыру мен дамыту көзделіп отыр. Жұмыстарды бақылау ұлттық парктің құзырына беріледі. Ал, алдағы уақытта саябақтағы туристік орталық пен жолдар ақысыз болмақ.

«Туристтік мақсатта жүзеге асып жатқан жоба америкалық үлгіге негізделген. Мұнда кәде-сый дүкендері, ақпараттық бөлім болады және саябақтағы әр шатқалға тән өзіндік оқиғалар ұйқастырып, келушілер қызығушылығын арттырмақпыз», – деді инвестор Александр ГУЖАВИН.

Министрліктің мәліметінше, инвесторға жалпы аумағы 35 гектар Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Каменка, Талғар, Көкбастау және Түрген орман шаруашылықтары шекараларының шегіндегі жер учаскелері пайдалануға беріліпті. 10 жылда толықтай аяқталатын жұмыс нәтижиесінде 3 миллионға жуық саяхатшы келеді деп жоспарлануда.

Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы