Медеу мұз айдыны кешені енді қысқы мезгілде ғана емес, жаз маусымында да жұмыс істейді. Нысанның ашылғанына 50 жыл толуына орай мұндай мүмкіндік демалушыларға алғаш рет беріліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жабық нысанның жалпы аумағы 450 шаршы метр. Аумағы үлкен болмаса да келушілер енді жаз мезгілінде де коньки тебуге мүмкіндік алады. 1 маусым күні жұмысын бастаған орталық тамыз айының соңына дейін ашық болады. Ұйымдастырушылар шіліңгір шілде мен тамылжыған тамыз айында да демалуға келетіндердің көп болатынына сенімді.
«Біз жазғы демалысқа шықтық. Қыста біз келіп үлгермеп едік, сабақ болды. Енді қазір жаз кезінде де ашылғанына қуаныштымыз», – деді демалушы Даниял Өтеген.
«Біз Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан Алматыға отбасымызбен демалуға келдік. Медеуде жазғы кезде коньки тепкенімізге қуаныштымыз. Көңілді демалыс болып жатыр», – деді демалушы Махаббат Қыдырова.
Ұйымдастырушылар жаз мезгілінде мұзды қатыру аса күрделі екенін айтады. Ол үшін түрлі технологиялармен жабдықталған мұздатқыштар орнатылған.
«50 жылдық тарихта бірінші рет жасап отырмыз. Бұл – үлкен нәтиже. Алдағы уақытта жазғы катоктың ауданын үлкейтеміз деген ойымыз бар. Өйткені қазір технологиялар дамып жатыр», – деді «Медеу» мұз айдынының директоры Абылай Қондыбаев.
Демалыс орталығы үзіліссіз таңғы сағат 10:00-ден кешкі 10.00-ге дейін жұмыс істейді. Билет бағасы ересектерге 1500, ал 14 жасқа дейінгі балалар үшін 1000 теңге. Конькилерді жалға алу құны өлшеміне қарай мың теңге мен 2 мыңның аралығында.
Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы