Атырауға лотос гүлін тамашалауға келген туристер саны артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Гүлдің тұқымындағы ақуыз – бүйрек пен көкбауырдың сондай-ақ жүрек аурулары мен ұйқысыздықтың емі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау тарих пен киелі орындарға бай өлке. Жазда Құрманғазыдағы лотос гүлін тамашалауға жан-жақтан ағылатын туристердің санында есеп жоқ. Қызыл кітапқа енген аң-құс пен балықтың да бірнеше түрі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Лотос – сулы, нулы жерде өседі. Аталған өсімдіктің нағыз бүр жаратын шағы – шілде мен тамыз айы. Сол себепті осы екі айда Ресей, Өзбекстан мен еліміздің өзге аймақтарынан келетін туристердің қатары көбейеді. Алматыдан арнайы келген Әсел Құбашева да керемет алғаш көргенін айтты.

– Балық аулау үшін келемін. Біздің өңірмен салыстырғанда мұнда әлдеқайда жақсы жағдай жасалған. Бізде браконьерлер көп. Балық азайып қалған. Лотостың гүлдеуін көру үшін демалысымды шілденің соңына жоспарлаймын. Ерекше әсер аламын. Гүлдің алқабына емес, орманға кіргендей боласың. Осы жерді ел тұрғындары арасында таныту үшін де барымды салып жүрмін, – деді турист Әсел Кубашева.

Лотос гүлі лай-батпақты жерде өскеніне қарамастан, кіршіксіз таза болады. Әлемде сирек кездесетін гүлдің елімізде ғана өсуі - отандық туризмді дамытуға мүмкіндік. Қызыл кітапқа енген өсімдіктің 40-қа жуық түрі бар. Ал су айдынын бүгінде дала үйректері мен қаз, аққу, аққұтан, бірқазан мен қасқалдақ сияқты жыл құстары мекендейді.

– Туристер саны артты. Атырау, Орал, Ақтаудан және Алматы, Астанадан туристер келеді. Оларды ауылдың кіреберісінен кәсіпкерлер күтіп алып, қайықтарға отырғызып, осы жерге алып келеді, – деді Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсұтов.

Қиғаш өзенінің бойында қазір 6 демалыс орны бар. Саяхатшылар мен балықшылар сол жерге орналаса алады. Тіпті кәсіп бастаймын деген жас бизнесмендер үшін де өңірде таптырмас мүмкіндік көп.

– База саламыз деп ниет білдіруші кәсіпкерлер жерін алып, заңдастырып қойған. Инвестиция құю мәселесімен айналысып жатыр. Жер алғысы келген азаматтар аудан әкімдігіне өз өтінішін бере алады. Кәсіпкерлік туризмді дамыту үшін аудан әкімдігі, округ әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсұтов.

Айта кетейік, лотостың қасиеті көп. Тұқымындағы ақуыз – бүйрек пен көкбауырдың сондай-ақ жүрек аурулары мен ұйқысыздықтың емі . Таяу шығыс халқының қасиетіне баланған гүл жуық арада Қазақстанның да брендіне айналмақ.

Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар ескі тетропакеттен қағаз дайындау әдісін үйренді

Новости партнеров