Коронавирус пандемиясына індетінің салдарынан отандық туризм биыл 240 миллиард теңгені жоғалтады. Мұндай болжамды Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Ырысбеков айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал «Туристік қамқор» қорының жетекшісі Инна Рей бүкіл әлемде таралып жатқан індетке байланысты қазақстандықтар ішкі туризмге көп таңдау жасайды дейді. Енді екі айлық тоқыраудан кейін аталған сектор қалай жанданады? Ел тұрғындары қандай демалыс орындарына басымдық беріп жатыр?
Коронавирус пандемиясы қазақстандық туризмге салқынын тигізбей қоймады. Аталған сала толықтай қызметін тоқтатты. Шекара жабылғандықтан, барлық шетелдік рейстер тоқтады. Көптеген туристік фирмалар қызметкерлерінің санын 20 пайызға дейін қысқартты. Ал кейбірі тіптен жабылуға мәжбүр болған.
«Туризм қатты зардап шекті. Бізде кепілдендірудің жүйесі болғаны өте көмектесті. Оның арқасында біз мемлекеттен көмек күтпей, індеттің таралуын күтпей, азаматтарымызды елге дереу жеткіздік. 7 мың адамды қайтардық», – деді «Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей.
Инна Рейдің айтуынша, көптеген отандық туристік фирмалар қазір ішкі туризмге ден қоюда. Олар Алакөл, Бурабай мен Ақтаудағы жайлы демалыстарды ұсынуда. Алайда дағдарыстан шығу үшін мемлекет аталған саланы айрықша зардап шеккендердің қатарына жатқызып, жеңілдік жасауын сұрап отыр.
«Қазір бірнеше шешімге қол жеткіздік. Қызмет жаңартылмай отыр ғой. Сондықтан несиелердің талаптарын ұзарту, Даму қорының кепілдендіруіне қосу, салықтан босату сияқты жеңілдіктерді сұрап жатырмыз», – деді «Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей.
Саланың айтарлықтай зардап шеккенін туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шайкенова да біледі. Әуе рейстерінің жаңартылуымен сәл ғана жанданған сала жуырда енгізілген кей шектеу шараларынан кейін қайта тұралап қала ма деген күмән бар.
«Сыртқы істер министрлігінің бізге визасыз келе алатын мемлекеттердің тізімін қысқарту жөніндегі шешімі кері әсер етеді деп ойлаймын. Алайда аталған министрлігі жағдай жақсарса, мәселе шешіледі деп отыр. Барлығы жақсы болатынына үміттенеміз», – деді қазақстандық туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шайкенова.
Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, карантин кезінде туризм саласы 240 миллиард теңге шығынға ұшырайды.
«Тауар мен қызметтердің экспортын айтар болсақ, былтыр 2,5 миллиард АҚШ доллары болған. Бұл – Қазақстандағы шетелдіктердің жүргізген транзакциялары. Ал биыл бұл сома шамамен 600 миллион АҚШ доллары болады деп болжап отырмыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Ырысбеков.
Қазір Қазақстан бірінші, екінші деңгейлі мемлекеттермен халықаралық әуе рейстерін жаңартуда. Бұл тұралаған қызметке жан бітіруі мүмкін дейді кей сарапшылар.
«Бірінші категориялы мемлекеттерге қосымша Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия жатқызылып отыр. Бұл мемлекеттерден келушілерге байланысты ешқандай шектеулер жоқ. Екінші деңгейлі елдерге Египет, Украина, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан қосылып отыр», – деді ҚР Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Садуақас Байғабылов.
Аталған мемлекеттерден келетіндердің қолында COVID-19-ға жасаған сынаманың анықтамасы болуы шарт. Болмаған жағдайда 48 сағаттың ішінде ПТР-тестілеуден өтуі тиіс. Не болмаса үйде 4 күнге дейін оқшаулануы керек.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан