«Алматы» арнасы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтайды

«Алматы» арнасы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтайды
Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қашанда қадірлі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Қызығы мен қиындығы мол, үлкен жауапкершілікті қажет ететін кәсіп иелері үшін бұл дата ерекше. Елге хабар таратып, бағасын халық беретін мамандықсыз билік пен бұқарада байланыс болмайды. Сондықтан да редакторлардың редакторы аталған Шерхан Мұртаза атамыз «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп баға беруі бекер дүние емес.

Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қашанда қадірлі. Әсіресе, ел басына күн туғанда бұл мамандықтың қаншалықты жауапты, жүгінің ауыр екенін сезінесің. Коронавирус індеті әлемді жайлаған тұста бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, қарапайым халықты ұдайы ақпараттандырып отырды. Тіпті, ауыр дертке шалдыққандардың хал-жағдайын білу үшін, дәрігерлердің бір күндік жұмысын көру үшін қауіпті аймақтарға барып, қазіргі ахуалды көгілдір экран арқылы жеткізіп отырды.

«Кәдімгі қауіпті аймаққа кіріп бара жатқаныңды сезесің. Одан кейін дәрігерлердің өзімен тілдескен кезде, үйлеріне бармай жүргенін естіген кезде, пандемия басталғалы бері, төтенше жағдай аяқталса да, олар жақындарымен тек бейне байланыс арқылы сөйлесіп жүргенін көрген кезде, біздің де жүрегіміз ауырды. Бұл енді біздің мамандығымыздың тек бір бөлігі ғана», – деді Алматы телеарнасы, жаңалықтар жүргізушісі Өмір Әнуарбек.

Наурыз айында төтенше жағдай жарияланғаннан кейін де, өз кәсібіне адал журналистер ешнәрседен тайынбай, қиын кезеңде басын қатерге тігіп, блок- бекеттерге, індеттің ошағына айналған ауруханаларға барып күнделікті ақпарат таратып отырды. Елге ресми әрі шынайы мәлімет жеткізді. Бұл бағытта  біздің арна тілшілерінің еңбегін айтпай кету мүмкін емес.

«Меніңше, жалпы Қазақстандағы телеарналардың ішінде дәл «Алматы» телеарнасы сияқты барынша белсенді, сағат сайын ақпарат таратқан арна болған жоқ. Тек қана «Алматы» телеарнасы ғана. Оны мен осы арна қызметкері ретінде емес, ел аузынан естігеннен кейін айтып отырмын. Өйткені Алматы –  үлкен мегаполис. Ең шынайы ақпаратты «Алматы» арнасы жеткізбесе, кім жеткізеді?! Сондықтан дұрыс ақпаратты уақытында жеткізіп отырған әріптестеріме үлкен алғыс айтар едім», – деді Алматы телеарнасы Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар департаментінің директоры Әйгерім Ағылтаева.

Әрине, телевизия саласында білікті журналистің жұмысы қырағы оператордың көмегінсіз жүрмейді. Дер кезінде оқиға орнынан табылатын түсірілім тобының жұмыла жұмыс атқаруы – жемісті жұмыстың нәтижесі.  

«Менің бұл салада жүргеніме 20 жылдан асты. Түрлі түсірілімдерге шығамыз. Күндіз болсын, түнде болсын, шыдамдылық танытып, жұмысымызды адал атқаруға тырысамыз. Бұл жерде ең бастысы журналист пен оператор арасында байланыс болуы керек. Төтенше жағдай режимі кезінде вирустан барынша сақтанып жұмыс істеуге тура келді. Дегенмен сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін, біздің жұмысқа баға беретін – халық», – деді оператор Мұрат Тайжан.

Билік пен халық арасында ғана емес, мәдени өмір мен қоғам арасындағы алтын көпірге айналған төртінші билік өкілдерінің ақпарат айданындағы атқарар қызметі, алар орны орасан. Журналистердің қызметін ұдайы жоғары бағалайтын «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Жалауқызы қалам иелерін кәсіби мерекесімен құтықтады.

«Бүгін халықтық сипат алған бұқаралық ақпарат құралдарының төл мерекесі кезінде мен барлық көрермендерді, оқырмандарды, тыңдармандарды құттықтағым келеді. Егер де біз бәріміз ынтымақтаса, бірлесе іс-қимыл көрсететін болсақ, біздің еліміздің ертеңі де жарқын болады. Еліміздің дамуы үшін БАҚ өкілдірі әрдайым ынта-жігермен еңбек ете береді деген ойдамын», – деді «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова.

Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланған кезде, біздің арна тілшілерінің де облыстан қалаға көшіп жұмыс істеуіне тура келді. 2 ай бойы отбасынан жырақ жүріп, өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқарды. Ешбір қиындыққа мойымай, өз кәсібінің нағыз маман иесі екенін дәлелдеп шықты.

Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров