Вирус салдарынан бірнеше адам қаза тапты
Атлант мұхитындағы MV Hondius круиз лайнерінде сирек кездесетін хантавирус инфекциясының таралуына байланысты үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Аргентинадан Кабо-Вердеге бет алған кеме шалғай аралдарға тоқтайтын экзотикалық круиз жасап жүрген. Алайда туристердің сапарын қауіпті вирус бұзды.
Алғаш болып 70 жастағы Нидерланд азаматының жағдайы күрт нашарлаған. Ол жедел респираторлық ауру белгілерінен кейін тікелей кеме бортында қайтыс болған. Марқұмның денесі Әулие Елена аралына жеткізілді. Кейін оның 69 жастағы жұбайы да ауырып қалған. Әйел ауыр жағдайда Йоханнесбург ауруханасына эвакуацияланғанымен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Хантавирустан тағы бір жолаушы қайтыс болды. Ал 69 жастағы Ұлыбритания азаматы қазір Оңтүстік Африка Республикасындағы жансақтау бөлімінде жатыр. Зертханалық тексеру оның хантавирус жұқтырғанын растаған. Дәрігерлердің айтуынша, инфекция кеме ішінде таралып жатқан болуы мүмкін. Расталған жағдайлардан бөлек, тағы бірнеше адамның вирус жұқтырғаны күдік тудырып отыр.
ДДСҰ не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, хантавирус ауыр респираторлық ауруларға алып келуі мүмкін. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бұл вирус кей жағдайда өлімге әкелетін ауыр өкпе инфекциясын - хантавирус өкпе синдромын тудыратынын хабарлады.
ДДСҰ хантавирус инфекциясы адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.
Алайда ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесустың сөзінше, Атлант мұхитындағы круиз лайнерінде тіркелген хантавирус жағдайы коронавирус пандемиясының басталу кезеңіне ұқсамайды.
Ол қазіргі жағдайды COVID-19 пандемиясының алғашқы кезеңімен салыстыруға болмайтынын айтқан.
Гебрейесустың пікірінше, әзірге әлемнің қалған бөлігі үшін қауіп деңгейі төмен.
Қазіргі уақытта вирус жұқтырудың сегіз жағдайы ресми түрде тіркелген. Оның бесеуі зертханада расталған. Жағдайды күрделендіріп отырған жайт - анықталған штамм Andes virus болуы мүмкін. Бұл - адамнан адамға жұғатын жалғыз хантавирус түрі.
Ауру өте ауыр өтеді. Вирус аймаққа байланысты әртүрлі ағзаларды зақымдайды.
Америка құрлығында ол кардиопульмоналдық синдром тудырып, өкпе мен жүректі ауыр зақымдайды. Мұндай жағдайда өлім көрсеткіші 50 пайызға дейін жетеді.
Ал Еуропа мен Азияда, соның ішінде Қазақстанда, көбіне бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызба кездеседі. Бұл вирус қан тамырлары мен бүйрекке әсер етеді.
Маңыздысы - қазіргі таңда хантавирусқа қарсы арнайы ем де, вакцина да жоқ. Науқасты тек ерте госпитализациялау және қарқынды терапия арқылы аман алып қалуға болады.
Елемеуге болмайтын белгілер
Ауру бастапқыда кәдімгі тұмауға ұқсап басталады. Сондықтан диагноз қою қиын. Негізгі белгілері:
Жағдай ауырлаған кезде ентігу, жөтел, ішкі қан кету және бүйрек жеткіліксіздігі пайда болуы мүмкін.
Вирус қалай жұғады?
Әдетте хантавирус адам ағзасына кеміргіштер арқылы түседі. Яғни олардың сілекейі немесе нәжісімен байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Алайда Andes virus жағдайында ауру адаммен тығыз байланыс арқылы да жұқтыру қаупі бар.
ДДСҰ ұсынған сақтық шаралары:
Қазір қандай шаралар қабылданып жатыр?
ДДСҰ мамандары экипаж мүшелерін тексеру үшін лайнер бортына жіберілді. Аргентинадан бес елдің зертханасына 2500 диагностикалық тест шұғыл жеткізілген. Ұйым қазір адамдарды кемеден қауіпсіз түсіру жөніндегі нұсқаулық дайындап жатыр. Мақсат - инфекцияның құрлыққа таралуына жол бермеу.
Қазір лайнерде не болып жатыр?
France24 басылымының хабарлауынша, экипаждың ауыр хәлдегі екі мүшесін медициналық көмек көрсету үшін Кабо-Вердеге эвакуациялау жоспарланған. Одан кейін кеме Испанияға қарасты Канар аралдарына қарай жолын жалғастырады.
Испания Денсаулық сақтау министрлігі лайнердің Канар аралдарына үш-төрт күн ішінде жетуі тиіс екенін мәлімдеді. Бірақ нақты қай портқа тоқтайтыны әзірге айтылған жоқ.
Кеме келгеннен кейін экипаж бен жолаушылар толық тексеруден өтеді, қажетті көмек алады және өз елдеріне жіберіледі, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство Канар аралдары қажетті медициналық мүмкіндігі бар ең жақын орын екенін атап өтті. Қазір лайнер Кабо-Верде астанасы Прая қаласының маңында зәкір тастап тұр. Барлық науқас жеке каюталарға оқшауланған.
Кемеде 23 елден келген 88 жолаушы мен 59 экипаж мүшесі бар. Лайнер 1 сәуірде Ушуайя қаласынан Кабо-Вердеге қарай жолға шыққан.
Оқи отырыңыз: Шымкентте есірткі жарнамалайтын жазбалардың авторы ұсталды