Үндістанда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 26 адам қаза тапты

14.11.2026 14:57

Сондай-ақ 20 адам жараланды

Фото | PTI

Үндістанның Ассам штатында шағын автобус пен контейнер таситын жүк көлігі бетпе-бет соқтығысып, кемінде 26 адам қаза тапты. Тағы 20 адам жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

The New Indian Express хабарлауынша, қаза болғандардың арасында әйелдер, балалар және колледж студенттері бар.  

Жол апаты 13 қарашада Казиранга ұлттық паркінің маңындағы №715 тасжолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, колледждегі сабақтан кейін үйлеріне қайтып бара жатқан студенттер мінген шағын автобус қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан.

Бастапқыда билік өкілдері 24 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Алайда кейін жарақат алғандардың кейбірі ауруханада көз жұмып, құрбандар саны 26-ға жеткен. Бұл мәліметті Кохора модельдік ауруханасының аға дәрігері растаған.

Зардап шеккендер жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілген. Олардың бір бөлігі ауыр жағдайда болғандықтан, басқа ауруханаларға ауыстырылған.

Алдын ала болжам бойынша, шағын автобус жоғары жылдамдықпен қозғалып, жүргізушісі көлікті басқара алмай қалған болуы мүмкін. Полиция апаттың нақты себебін анықтап жатыр.

Оқиғаға байланысты жергілікті билік жан-жақты тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Қан қысымын төмендетуге көмектесетін жеміс аталды

Толық көрсету