Санкт-Петербургтің Октябрь аудандық соты 10 мамырда Мойка өзеніне құлаған автобус жүргізушісі Рахматшох Курбоновты 9 шілдеге дейін қамауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ер адам екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзды деп айыпталуда. Жүргізуші жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сот отырысында Курбонов өз кінәсін мойындап, өзі басқарған автобустың тежегішінде ақау болғанын мәлімдеді. Ол жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізіп, марқұмдардың туыстарына көңіл айтты.
Сол күні Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Рахматшох Курбоновқа қарсы екінші қылмыстық іс – шетелдік азаматтарды жалған тіркеуге алу бойынша қозғалғанын хабарлады. Тергеушілердің мәліметінше, ол 2024 жылдың ақпаны мен наурыз айларында ақшалай сыйақы алып, өз пәтеріне кем дегенде 10 шетелдік азаматты жалған тіркеген.
Санкт-Петербург орталығында кезекті автобус апаты салдарынан жеті жолаушы қаза тапты, екеуі ауыр халде ауруханада жатыр. Оқиға орнынан түсірілген бейнематериалда автобустың Үлкен Морская көшесінен Мойка арқылы Поцелуев көпіріне оңға бұрылып, қарсы жолаққа шығып, жолаушылар көлігін соғып, сосын қоршауды бұзып өтіп, өзенге құлағаны және батып кеткені байқалады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Такси» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автоколоннасының басшысы автобустың құлауы салдарынан адам өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталды.
Оқи отырыңыз: Ресейде көпірден құлаған автобуста бір қазақстандық қаза болды (Видео)