Сауд Арабиясында қажылық кезінде 1,3 мың адам қайтыс болды

24.06.2024 13:17

Бұл туралы корольдіктің денсаулық сақтау министрі Фахд бен Абдель Рахман аль-Джаляджель мәлімдеді

Almaty.tv

Сауд Арабиясында қажылық кезінде 1,3 мыңнан астам қажы қайтыс болды. Бұл туралы корольдіктің денсаулық сақтау министрі Фахд бен Абдель Рахман аль-Джаляджель мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қажылық кезінде қайтыс болғандар саны 1301 болды, олардың 83 пайызында тиісті виза болмаған», - деді министр «Әл-Ихбария» мемлекеттік телеарнасында.

Бұған дейін хабарланғандай, қаза болған қажылардың саны 1,1 мыңнан асып жығылады, оның жартысынан көбі Мысыр азаматтары. Қажылық кезінде 672 мысырлық қажы қайтыс болды, олардың тек 31-іне ғана Сауд Арабиясы билігі арнайы виза берген. Қалғандары тіркелмей, заңсыз қажылық жасаған.

Сауд Арабиясындағы бірнеше араб елдерінен келген дипломатиялық дереккөздің хабарлауынша, тіркелмеген қажылар кондиционері бар демалыс орындарын пайдалана алмай, тәртіп сақшылары қажылық визаларын тексеретін бақылау-өткізу пункттерінен жалтарып, ашық күн астында ұзақ сапарға шығуға мәжбүр болған. Қатты аптап ыстықта созылмалы аурулары асқынып, физикалық тұрғыдан шаршап, қайтыс болған. Көбіне егде жастағы адамдар көз жұмды.

Бұған дейін Меккеге қажылыққа барған 550 адам аптап ыстықтан көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Оқи отырыңыз: Періштесі қақты: атыраулық полицей дәретханада жатқан шақалақты құтқарды