Жылыой ауданында 9 жыл бұрын дәретхана шұңқырынан шақалақты құтқарған полицей тұрады. Ол — полиция майоры Амангелді Мұқашев. Қазір Жылыой аудандық полиция бөлімінде әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы лауазымын атқарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке слтеме жасап.
Еңбек жолын 2013 жылы Атырау қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінде бастаған.
- Полиция қызметкері — халықтың қорғаны. Үнемі адамның құқығы мен бостандығын қорғап, қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жүргізеді. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының „Адам бол“ деген сөзін ұдайы есімде ұстап жүремін. Елімізде батыл әріптестерімнің ерлікке пара-пар әрекеті мен жедел қимылының нәтижесінде қаншама адам ажалдан аман қалды, - дейді Амангелді Мұқашев.
Полиция майоры 9 жыл бұрын дәретхана шұңқырынан шақалақты құтқарып қалған. Кейін сол шақалаққа полиция қызметкерінің есімі берілген.
- Полиция бөліміндегі кезекшілікте едім. Басқару пультіне жеке тұрғын үйлердің біріндегі дәретхананың шұңқырынан жаңа туған сәби табылғаны туралы хабар түсті. Жедел тергеу тобымен бірге оқиға орнына келдім. Хабар берген жедел жәрдем бригадасының медбикесі екен. Ол қатты қорыққан болуы керек, „бала өлді“ деп айқайлады. Бірақ, дәретханадан шақалақтың дауысы естілді. Сол кезде „баланы аман-сау алып шығу қажет“ деген ойға бекіндім. Дәретхананы құлатып, шұңқырға түсіп, сәбиді құтқаруға ұмтылдым. Шұңқырдың ішінде плацентадан ажырамаған күйінде жатыр екен. Сәбиді дереу жоғарыға қарай көтеріп, сыртқа шығардым, - дейді Амангелді Мұқашев.
Оның айтуынша, шұңқырдың ішіне түскенде ауа жетпей, тұншығып қалған. Бірақ, сол оқиғаны әлі күнге ұмыта алмайды.
- Үлкендер „періштесі қақты“ деуші еді. Сол шақалақты періштесі қаққан болуы керек. Әлі күнге шұңқырда шырылдаған шақалақтың дауысы құлағымнан кетпейді. Кейін тұрғындар сол шақалақты Амангелді деп атауға ұйғарым жасапты. Қазір сол баламен араласып, кездесіп тұрамын. Ол әлі кішкентай ғой. Кішкентай Амангелдінің болашақта білімді, батыл азамат болып ержеткенін қалаймын, - дейді полиция майоры Амангелді Мұқашев.
Бейбіт күнде батылдығын танытқан полиция қызметкері отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.
Оқи отырыңыз:Президент мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады