Борис Джонсон ауруханадан шықты

centralasia.media
centralasia.media
Дәрігерлердің кеңесіне сәйкес, премьер жұмысқа таяу арада шықпайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавирус жұқтырған британдық премьер Борис Джонсон ауруханадан шықты. Ресми өкілдің мәлімдемесіне сәйкес, қазір ол қала сыртындағы резиденцияда деп хабарлайды Kaz.nur.kz РИА Новости-ға сілтеме жасап.

"Премьер-министр ауруханадан шықты және Чекерсте емін жалғастырып жатыр. Дәрігерлердің кеңесіне сәйкес, премьер жұмысқа таяу арада шықпайды. Ол ауруханадағы барша ақ халаттыларға өзіне жасаған көмегі үшін алғысын айтады",– делінген ресми мәлімдемеде. Айта кетейік, Борис Джонсон өзінен COVID-19 анықталғанын 27 наурыз күні хабарлаған болатын. Ол кезден премьер-министр өзін-өзі оқшаулап, жұмыс істеуін үйден жалғастыра берген.

3 сәуір күнгі видеоүндеуінде ол әлі де дене қызуы жоғары екенін жеткізді. Өткен жексенбі күні кешкісін премьер-министр кеңсесі Джонсонның қажетті талдаулар жасау үшін ауруханаға жеткізілгенін, алайда бұл оның ауруханаға жатқызылғанын білдірмейтінін мәлім еткен.

Дегенмен дүйсенбі күні кешкісін премьердің кеңсесі Джонсонның денсаулығы нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Сейсенбі күні премьер-министрдің денсаулығы тұрақты екені әрі оған жасанды желдету аппараты қажет болмағаны белгілі болды. Бейсенбі күні Борис Джонсон жансақтау бөлімінен палатаға көшірілді.

Новости партнеров