Қарашаның ортасында әлем халқының саны 8 млрд адамға жетеді - БҰҰ

news.un.org
news.un.org
Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің БАҚ-қа арналған үндеуінде айтылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарашаның ортасында әлем халқының саны 8 млрд адамға жетеді деп болжанып отыр. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің БАҚ-қа арналған үндеуінде айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Онда БҰҰ басшысы алдағы онжылдықтарда халық өсімінің ең жоғары көрсеткіштері бар елдер орнықты даму мен өркендеудің локомотивіне айналады деген үмітін білдірді. «Қараша айының ортасында әлем халқының саны сегіз миллиардқа жетеді – бұл тамақтану, денсаулық сақтау және санитария саласындағы ғылыми жетістіктердің дәлелі», - деді БҰҰ басшысы.

Сонымен бірге ол бұл демографиялық жетістіктер миллиардтаған адамның қиын жағдайда өмір сүруіне, жүздеген миллиондардың тамақтанбауына және тіпті аштыққа ұшырауына байланысты екенін атап өтті. Көптеген адам соғыс пен климаттық апат салдарынан үйлерінен кетуге мәжбүр.

«Егер біз байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жоймасақ, сегіз миллиард халқы бар әлемде шиеленістер мен сенімсіздіктер, дағдарыстар мен қақтығыстар жалғаса бермек», – деп ескертті БҰҰ Бас хатшысы.

Оның айтуынша, бірнеше миллиардер адамзаттың ең кедей жартысындай байлықты басқарады. Әлемдегі ең бай адамдардың бір пайызы әлемдік табыстың бестен бір бөлігін құрайды. Ең бай елдердегі адамдар кедей елдердің тұрғындарына қарағанда 30 жылға ұзағырақ өмір сүре алады. Бұл ретте жалпы әлем халқының әл-ауқатының өсуіне және денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің жақсаруына қарай теңсіздік көріністері күшейе түсуде.


Новости партнеров