Ресейдің Хабаровск өлкесінде жоғалған Ан-26 ұшағының бөліктері «Спартак» тау шаңғысы кешенінің маңынан табылды, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
«Болжам бойынша «Спартак» тау шаңғысы кешенінің маңында ұшақ бөліктері анықталды. Бұлттар сейілуде. Көру мүмкіндігі жақсарып келеді. Ми-8 қонуды жоспарлап отыр, құтқарушылар қонуға ыңғайлы жер іздестіруде», – делінген хабарламада.
Түнде іздестіру жұмыстары көру нашарлығына байланысты тоқтаған болатын.
Ұшақтың құлаған жерінен түсіріліген алғашқы кадрлар Mash телеграм-каналында жарияланды.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйек күні кешке Хабаровск өлкесінде алты адам мінген Ан-26 ұшағы байланысқа шықпай қойды. Кейінірек бұл ақпаратты Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі растады.
Бортта алты адам болған. Соңғы рет ұшқыштар қаладан 38 шақырым жерде белгі берген. ТЖМ Ан-26 байланыс құралдарының жұмысын тексеру үшін әуеге көтерілгенін атап өтті.
Ұшақ байланысқа шығуды тоқтатқаннан кейін оны іздеуге Росавиацияның Ми-8 тікұшағы тартылды. Министрліктің тағы бір тікұшағы ұшуға дайындалып жатыр.
Ан-26 – әскери-көлік ұшағы, екі турбобұрандалы және бір қосымша реактивті қозғалтқышпен жабдықталған.