Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс болып, бір адам қаза тапты

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс болып, бір адам қаза тапты
Шекара маңындағы екі ауыл тұрғынының қақтығысына тутұғыр орнату себеп болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыс болды, зардап шеккендер бар, деп хабарлады Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, Ворух (Тәжікстан) ауылының тұрғындары елдімекенге кіреберісте тутұғыр орнатқысы келген, ал Ак-Сай (Қырғызстан) халқы бұған қарсы болған. Кикілжің барысында тараптардың бірі қару қолданыпты. Мемлекеттік шекара қызметі хабарлағандай, оқ атқандар қарапайым тұрғындар болуы мүмкін, себебі аңшы мылтығы қолданылған.

Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шекара әскерінің деректері бойынша, бір Тәжікстан азаматы қаза тапқан, үшеуіне оқ тиіп, тағы жетеуі әртүрлі деңгейде жарақат алған. Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі бұдан бұрын хабарлағандай, Тәжікстанмен шекарадағы атыс салдарынан бес адам зардап шеккен.

Оқиға орнында Тәжікстан мен Қырғызстанның шекара ведомстволарының ресми өкілдері, екі елдің қарулы күштер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы ахуал күрделі, бірақ бақылауда. Қазір билік өкілдері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қырғыз-тәжік шекарасында оқта-текте қос мемлекет тұрғындары арасында қақтығыстар болып тұрады. Қақтығыстың себебі көбінесе - межеленбеген аумақтар.

Президенттер Сооронбай Жээнбеков пен Эмомали Рахмон осы аптада Исфарада кездесіп, мемлекеттік шекараны межелеу мәселесін талқыламақ.


Дереккөзі: Sputnik.

Новости партнеров