Эфиопияда пілдер қырылып жатыр

30.11.2021 15:43

Африка пілдері (Loxodonta africana) 75 жыл ішінде 6-7 есеге азайды

Березовская Ольга

Эфиопиядағы Бабиле қорығында соңғы уақытта пілдер қырылып жатыр. Экологтар мұның себебін халықтың заңсыз қоныстануымен байланыстырады. 2006-2017 жылдар аралығында қорық аумағына шатырын тіккен тұрғындар қатары 3 есеге артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

Oryx журналына жариялағна мақалада мамандар қорық аумағына көшіп келіп жатқан халыққа шектеу қою керек деп дабыл қаққан.

"Бабиле қорығында бүгінде 250-ге жуық піл бар. Бірақ соңғы жылдары мұнда қоныстанушылар қатары күрт көбейіп барады. Соның салдарынан пілдердің тіршілік ету аумағы тарылып, олар шетінен өліп жатыр. Осылай жалғаса берсе, жақын уақытта қорықта бірде-бір піл қалмайды", — дейді Оксфорд университетінің зерттеушісі Эмили Нил.

1989 жылдан Халықаралық сауда конвенциясының флора және фауна әлемін бақылауға алуы браконьерлерлік әрекеттерге біршама тосқауыл болды. 2000 жылдардың басында пілдердің жойылу қаупі сәл де болсын тұрақтанған. Бірақ соңғы уақытта Азияда піл тісіне сұраныстың артуы браконьерлік әрекетке қайта жан бітірді.

Жалпы Африка пілдері (Loxodonta africana) 75 жыл ішінде 6-7 есеге азайыпты.