Ол 2020 жылғы 1 ақпанда қайтыс болды
Қытайдан тыс жерде коронавирустан алғашқы адам қайтыс болды, - деп хабарлайды tengrinews.kz.
Уханнан келген 44 жастағы азамат Филиппинде көз жұмған. Бұл туралы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының филиппиндік бөлімі мәлім етті.
«44 жастағы тұрғын - 2019-nCoV коронавирусын жұқтырған Филиппиндегі екінші адам. Ол 2020 жылдың 1 ақпанында қайтыс болды», - деп жазылған ұйымның Twitter желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, Қытай билігі 2019 жылы 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухан қаласында белгісіз вирустың тарай бастағанын хабарлаған. Мамандар Ухан қаласындағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеп, вирустың қайнаркөзі сол базарда сатылған жабайы жануарлар болғанын анықтаған.
1 ақпандағы жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан қаза тапқандардың саны 304-ке, ал вирус жұқтырғандардың саны әлем бойынша 14 380-ге жеткен.