Армения мен Әзербайжан Мәскеуде өткен консультациялардың қорытындысы бойынша мәлімдеме қабылдады, тараптар тұтқындарды, сондай-ақ қаза тапқандардың мәйіттерін алмасу үшін гуманитарлық мақсатта 10 қазанда сағат 12:00-ден бастап атысты тоқтату туралы уағдаласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің үндеуіне жауап ретінде және Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің, Әзербайжан Республикасының Президенті И.Г. Әлиевтің және Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В. Пашинянның уағдаластықтарына сәйкес тараптар мынадай қадамдар туралы келісті:
1. 2020 жылғы 10 қазанда сағат 12:00-ден бастап әскери тұтқындарды және басқа да ұсталған адамдар мен делдалдық кезінде қаза тапқан адамдардың мәйіттерін алмасу үшін және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің критерийлеріне сәйкес гуманитарлық мақсатта атысты тоқтату туралы шешім жарияланады.
2. Атысты тоқтату режимінің нақты параметрлері қосымша келісіледі.
3. Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағаларының делдалдығы арқылы бітімгершіліктің базалық қағидаттары негізінде бейбіт келісімге жедел қол жеткізу мақсатында субстантивтік келіссөздерге кіріседі.
4. Тараптар келіссөздер процесі форматының өзгермейтінін растайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Ресей президенті Владимир Путин Армения мен Әзербайжанның СІМ басшыларын Мәскеуге Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде қаза тапқандардың мәйіттері мен тұтқындарды алмасу мәселелері бойынша кеңесуге шақырды. Ресей, Әзербайжан және Армения сыртқы саяси ведомстволары басшыларының келіссөздері 10 сағаттан астам уақытқа созылды.